Қазақстан мен Норвегия арасындағы жүк тасымалына отандық компаниялар енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан Норвегияға астық тасымалдау көлемі қалпына келтіріледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Келісім жобасымен автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін құқықтық норма орнатылады. Осы құжатқа сәйкес, екіжақты транзиттік тасымалдар, сонымен қоса үшінші елдерден немесе үшінші елдерге тасымалды рұқсат беру негізінде жүзеге асырылады. Аталған шарттар отандық тасымалдаушылар үшін тиімді. Өйткені қазіргі уақытта екі ел арасындағы жүк тасымалдарын үшінші елдердің өкілдері, яғни Беларусь және Ресей көлік компаниялары іске асыруда»,-деді министр «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылы Қазақстан мен Норвегия арасында автомобильмен жүк тасымал көлемі 53 пайызға ұлғайды.

Бұдан бөлек, заң жобасын талқылау барысында министр аталған елмен жүк тасымалы деңгейін арттырудың  болашағы зор екенін атап өтті.

«Бүгінде тауар айналымында артықшылық бар, яғни негізінен бұл балық өнімдеріне байланысты. Осыған дейін бізде астық тасымалдауда жақсы көрсеткіш болды, бұл өнім темір жол көлігімен жеткізіліп жүр. Алайда өткен жылы астық көлемі біршама төмендеді. Бүгінде біз Норвегияға қазақстандық астықты жеткізу көлемін жандандыруды бағытында жұмыстарды жүргізіп жатырмыз»,-деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, жүк Санкт-Петербордың портына дейін жеткізіліп, ары қарай пароммен Норвегияға өтеді.

«Жылдың қорытындысы бойынша сауда теңгерімі қайта қалпына келеді деп үміттенеміз»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар