Қазақстан мен Финляндия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хельсинки қаласында көлік және логистика жөніндегі Қазақстан-Финляндия  жұмыс тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі.

Отырыс Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Транзитті және көлік логистикасын дамыту департаментінің директоры Серік Бәшімовтың және Финляндия Республикасы Көлік министрлігі Даму департаментінің директоры Мурто Ристоның төрағалық етуімен өтті.

Тараптар екі елдің көлік саясатының ағымдағы міндеттері және басымдықтары туралы ақпаратпен алмасты. Қазақстандық тарап Қытай - Еуропа бағытында контейнерлік тасымалдар көлемінің өскенін айтты. Фин тарапы Қазақстанның Коувола - Бусловская - Алтынкөл - Сиань бағытында контейнерлік пойызбен тасымалдауды жандандыруға маңызды рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, олар көлік саласына сандық форматтағы технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісті. Тараптар транзитті контейнерлік тасымалдар көрсеткіштерінің өскенін тілге тиек етті.  2017 жылғы қарашадан бері Сиань (ҚХР) - Коувола (Финлянидия), Коувола (Финляндия) - Сиань (ҚХР), Вяртсиля (Финляндия) - Корлы (ҚХР) бағыттары бойынша 30 контейнерлік поездар жіберілді.

Қазақстандық тарап екі елдің ұқсас климаттық жағдайларын ескере отырып, одан әрі Финляндия тәжірибесін зерделеуге қызығушылық танытты және де тараптар осы бағыттағы жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат алмасуды жалғастыруға келісті. Сонымен қатар, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Фин тарапы Астана-Хельсинки тікелей рейсін тұрақты негізде орындауға қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ, кездесу аясында ағымдағы жылдың мамыр айында қол қою жоспарланған Әуе қатынасы туралы «көлденең элементтерімен» жаңа Келісімнің мәтіні пысықталды.

Жалпы, Қазақстан мен Финляндия арасында көлік саласындағы екіжақты қарым-қатынастарда оң серпін бар екенін көрсетті. 2017 жылы Қазақстанның темір жол көлігімен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 60,22 мың тоннаны құрады, яғни 2016 жылмен салыстырғанда 31,69 мың тоннаға ұлғайды (28,53 мың тонна).

Соңғы жаңалықтар