Қазақстан мен АҚШ арасында визалық режімдерді жеңілдету жұмысы жалғаса береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен АҚШ арасындағы визалық режімді жеңілдету жұмысын жүргізе бермек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Астанада баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сапар қорытындысының экономикалық ынтымақтастығымызға қалай әсер ететінін айтар болсақ, бұл АҚШ Президенті Дональд Трамптың сапар нәтижелері бойынша жасаған мәлімдемесінде анық байқалғанындай, ең алдымен АҚШ Қазақстандағы өзгерістерді, модернизациялық үрдістерді толығымен қолдайды. Бұл - бір. Екіншіден, АҚШ әкімшілігі америкалық компанияларға Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуда барынша қолдау жасауға мүдделі екенін де білдірді. Үшіншіден, әрине, сапар нәтижелері мәлімдемеде байқалғандай, екіжақты ғана емес, сондай-ақ экономикалық ұйымдар аясында да ынтымақтастықты дамытуда уағдаластыққа қол жеткізілді», - дейді ҚР Сыртқы істер вице-министрі.

Ержан Ашықбаевтың айтуынша, екі ел арасында визалық режімге байланысты келісімдер бар.

«Визалық жеңілдіктер бойынша айтар болсақ... Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары Америкаға 10 жылдық виза алуға құқылы. Басқа елдермен салыстырғанда, Еуропа одағының шенген визаларын алу үшін қандай қиындықтар бары өздеріңізге мәлім. Америкалық әріптестерімізбен біз 2016 жылдан бастап тұрақты негізде 10 жылдық визаларды беруге қол жеткізген болатынбыз. Бұл басымдық қазақстандық тарапқа келгенде іскер бизнес өкілдеріне, оқушыларға, туристерге беріледі. Қазақстан тарапы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерге берілген жеңілдіктер аясында белгілі бір мерзімге дейін визасыз режімді беріп отыр», - дейді ол.

ҚР Сыртқы істер вице-министрі визалық режімді ары қарай жеңілдету мәселесі көтерілетінін атап өтті.

«Бұл біздің сыртқы саясатымыздың күн тәртібіндегі нақты тапсырмаларының бірі. Алайда қазіргі кезде біздің азаматтардың АҚШ визасын алуда үлкен қиындықтары туып отыр деп айта алмаймыз. Визалар келісілген шарттар бойынша беріліп отыр. Бірақ, әлі де визалық талаптарды жеңілдетуге тырысамыз. Бұл, әрине, АҚШ-тағы ішкі саясатының үрдістеріне байланысты болғанын еске сала кетейін. АҚШ-та қазіргі кезде миграцияға келгенде ішкі дискуссия жүріп жатыр», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар