Қазақстан Қытайға 5 млд текше метрге дейін табиғи газ экспорттамақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Қытайға 5 миллиард текше метрге дейін табиғи газ экспорттамақ. Мұндай уағдаластыққа бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен CNPC Корпорациясы басшылары өзара ынтымақтастық туралы кездесу барысында келді.

Тараптар 2017-2018 жылдары Қазақстаннан Қытайға табиғи газ жеткізудің мүмкіндігін талқылап, 5 миллиард текше метрге дейін газды экспортқа сату шартына қол қоюға келісті.

Құжат өнімді жеткізу көлемдерін, бағасын және сапасын анықтады, сондай-ақ қытай тарапының газды қабылдап алу орны - «Қорғас» шекара бекеті деп белгіленді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев аталған меморандум, Қазақстан мен Қытайдың екіжақты өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мықты негіз болып табылады деп атап өтті.

«ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың пікірінше, қазақстандық газды тасымалдаудың транзиттік және экспорттық бағыттарын әртараптандыру, сондай-ақ көгілдір отын экспортының көлемін ұлғайту - мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндет.

«Қытайға қазақстандық газды экспорттау туралы уағдаластыққа қол жеткізуге экспортқа бағытталған тасымал жүйесін қалыптастыру жөніндегі өте ауқымды және күрделі жұмыстар арқылы қол жетті. Атап айтқанда, «Бейнеу-Бозой- Шымкент» газ құбыры салынды, «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының үшінші тармағын пайдалануға енгізу және жоғары технологиялық «Бозой», «Қараөзек» компрессорлық станциялары мен «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық станциясының салынуын айтсақ болады», - деді Қ.Шәріпбаев.

Мамандардың айтуынша, қазақстандық газды Қытайға жеткізу екіжақты өзара тиімді қарым-қатынастарға, сондай-ақ Еуразия елдері арасында инфрақұрылым құруға және сауда, көлік байланыстарын жолға қоюға бағытталған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде ынтымақтастық қарым-қатынастарын бірлесіп қамтамасыз етуге және ілгерілетуге ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар