Қазақстан Қырғыз елімен шекарадағы бақылауды халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асыруда - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы ветеринарлық-санитарлық бақылауды өзіне алған халықаралық міндеттемелер мен талаптарға сәйкес жүзеге асыруда.

 Бұл жайында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Алиментариус кодексі комиссиясының, Халықаралық эпизоотикалық бюроның және Халықаралық карантин және өсімдікті қорғау конвенциясының мүшесі бола отырып, қолданыстағы құқықтық құжаттарын халықаралық стандарттармен белсенді үйлестіреді және халықаралық стандарттар әзірлеу ісіне де белсене қатысуда. Біз өзіміздің мойнымызға алған міндеттемелердің барлық жауапкершілігін түсінеміз және сол себепті елдің осынау жоғары мәртебесіне сай болуға тиіспіз», - деді Ербол Есенеев.

Осы ретте ол Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес бірлестікке мүше барлық мемлекеттерге үшінші елдердің тауарларына, сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше өзге мемлекеттер өндіретін тауарларға қатысты уақытша санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық шаралардың енгізілуіне рұқсат етілетіндігін атап өтті.

 «Қазақстан ЕАЭО-мен еліміздің ветеринарлық-санитарлық талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді енгізуге, қолдануға және сатуға уақытша шектеу енгізу арқылы жоғарыда аталған құқығын пайдаланып отыр. Бұл біздің бәрімізге де ортақ қауіпсіздік шарасы екендігін түсінуіміз қажет», - деді сарапшы. Оның айтуынша, Қырғызстанда Халықаралық  эпизоотикалық бюроның аусылдан азат аймақ ретінде берген мәртебесі жоқ. Сондықтан да Қазақстан көрші елден келетін мал шаруашылығы өнімдеріне күдікпен қарауға мәжбүр. Өйткені Қазақстан да бұл мәртебені осыдан біраз уақыт бұрын алған еді.

 «Қазақстандық агробизнес үшін бұл - жаңа мәртебе, жаңа мүмкіншіліктер. Оның ішінде ҚХР мен Иранға қой етін экспорттауға мүмкіншілік ашады. Айта кетерлігі, қазақстандық табиғи ет шетелдік тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие», - дейді департамент директоры.

 Оның дерегінше, көрші елден жеткізілетін өнімдерден зиянкестердің табылуы жиі кездесіп отырады. Мәселен, Қырғызстаннан әкелінген картоптан сарғылт түсті картоп нематоды (құрты) табылды. Ал бұл құрт топырақтың жаппай зақымдануына және картоп өнімділігінің 90 пайызға дейін кемуіне әкеп соғады. Мұнан бөлек, зиянкестер Қырғыз елінен жеткізілген өзге де жеміс-жидек пен көкөністен табылып отыр.

Соңғы жаңалықтар