Қазақстан көші-қон үдерісі аясындағы балаларды қорғау жобасына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитныймен кездесті. Онда елдегі балалар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық пен оны дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, тараптар «Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азиядағы көші-кон үрдістерінде балаларды қорғау» бағдарламасы шеңберіндегі бірлескен жұмыс туралы уағдаласты. Жобаның мақсаты көші-қон үрдістеріне қатысы бар балаларға жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. Бағдарлама 3 жылға жоспарланған және осы бағыттағы заңнамалық базаны жетілдіруге, аталған өңірлердегі елдердің өзара әрекеттесуін нығайтуға бағытталады.

Сондай-ақ, кездесуде Ұлттық алдын алу тетігі шеңберіндегі өзара әрекеттестік мәселелері қаралды. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Парламенттің қарауында жатқан заң жобасында балаларға арналған 200-ден аса институттық мекемелерді Ұлттық алдын алу тетігіне енгізіп, осы арқылы алдын алу тетігінің мандатын кеңейту көзделген. Сонымен қатар, заң жобасы бойынша ҰАТ балалар мекемелеріндегі адамгершілікке жат қарым-қатынастың алдын алуға бағытталған мониторингке қатысады.

Тараптар отбасында, мектептер мен балаларға арналған мекемелерде зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың құқықтарына мониторинг жүргізу бойынша бірлескен жобаларға да тоқталды. Айта кетерлігі, Қазақстандағы Омбудсменнің осы мәселе бойынша оң тәжірибесіне шетелдік әріптестер айтарлықтай қызығушылық тудыруда.

 

 

Соңғы жаңалықтар