«Қазақстан халқы 20 миллионға жетуге тиіс!» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 25-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың жаңа әкімшілік орталығындағы перзентхананың ашылу рәсіміне қатысты. Осыған орай «Айқын» газетінің жұма күнгі санында «Қазақстан халқы 20 миллионға жетуге тиіс!» деген көлемді мақала жарық көрді. Шара барысында Елбасы «бүкіл экономика, мемлекет құрудағы ісіміз, барлық қамқорлығымыз адамдарымыздың дені сау болуына, қазақстандықтардың қатары артуына бағытталған. Мен халқымыздың санын 20 миллионға дейін жеткізу туралы міндет қойдым», дейді өз сөзінде.

 «Рим Папасы қазақ тілінде құттықтайды». Осы тақырыппен «Айқын» басылымында шағын мақала жарық көрді. Басылымның ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Рим Папасы Бенедикт 16-шы ертең Ватиканда  бүкіл әлемге Рождество мерекесіне орай құттықтау жолдайды, оның ішінде құттықтау қазақ тілінде де болмақ. Сонымен қатар осы басылымның Президент Әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллмен телефон арқылы сөйлескен. Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Орыс Православия шіркеуінің басшысын келесі жылдың басында елімізге келіп қайтуға шақырған.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы экономика ғылымының докторы, академик Мұқтар Тінәсілі. Екеуара әңгіме «Қазақстанға су шаруашылығы министрлігі керек» деген тақырыппен берілген. Басылымның сан-саланы қамтыған сауалдарына тұщымды жауап берген академик «Қазақстан 2009 жылды ұнамды көрсеткіштермен аяқтағалы отыр. Биылғы жылдың өзінде жүзден аса инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Өзіміз локомотив, комбайн, трактор, жаңа мұнай, химия және металлургия өнімдерін шығара бастадық», депті.

***

Осыдан екі күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының жаңа ғимаратын ашып, басылым ұжымын, оның ардагерлері мен мың сан оқырмандарын  газеттің  90 жылдығымен құттықтады. Бұл айтулы шара еліміздің бас басылымының тұңғыш нөмірі жарық көруінің 90 жыл толуына орайластырылды. Осыған орай аталған басылымда «Бас басылымның жаңа ғимараты» атты мақала жарық көрді. Жарияланымда «Соңғы оншақты жыл­дың ішінде газеттің таралымы 38 мың­нан 150 мыңға жеткені, яғни төрт есе өскені, торқалы той қарсаңында редак­цияның сегіз қабатты жаңа ғимара­ты­ның өз уақтысында және сапалы тұрғызылуы акционерлік қоғам басшылығының заман талабына сай жұмыс істей білетіндігінің белгісі, газет менеджментін айтарлықтай жақсарта алғанының арқасы», деген Мемлекет басшысының сөзі келтірілген. Ғимараттың ашылу салтанатына Мем­лекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев және Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысқан.

«Экономикалық жетістіктер жаңа белестерге бастайды». Осы тақырыппен Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпеков «Егемен Қазақстан» басылымының бейсенбілік санында көлемді мақала беріпті. Онда «Қазақстан-2030» Стра­те­гия­лық даму бағдарламасының қа­был­дан­ғанына биыл он екі жыл толғандығы айтылып, оның елі­міз­дің да­муына қандай әсер-ық­палы бол­ғаны туралы баяндалған.

«Бүгінде қаржылық және экономикалық дағдарыс сөзі кең тараған сөзге айналып отыр. Дегенмен, елдің үрейін ұшырып, қапылысқа түсірген осынау құбылыстың екінші жағына үңілсек қайтер еді? Дағдарыс «себебімен» ауылдағылар етек-жеңін жинап, шаруасын оңтайлай түсуде. «Үкімет көмектеседі» деп бәрін өзгенің мойнына іле салмай, ысырапшылдықтан арылуда. Әлеуметтік салаға да жеткілікті көңіл бөлініп, осылайша ауылдағы ағайынның есебі түгелденіп отыр. Осындай жақсы үрдістер шалғай жатқан Маңғыстау облысында да байқалуда», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Осыған орай басылым Маңғыстау облысында атқарылып жатқан іс-шаралар төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Сейтмағамбетовамен сұхбаттасқан. «Шаралар шапағаты  алыс ауылдарға да жетуде» деген тақырыппен екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бейсенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Қазақстан 2009 жылы қаңтардың 1-інен ЕҚЫҰ төрағаларының Үштiгiне ресми түрде кiрiстi. Ал iс жүзiнде төраға мiндеттерiн Грекия Қазақстанға желтоқсанның 1-інде Афинада өткен ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнде тапсырды. Үштiктiң негiзгi мақсаты - ЕҚЫҰ iс-қимылдарын үйлестiру және жоспарлау. Сонымен қатар Ұйым қызметiндегi сабақтастықты қамтамасыз етуде, әрi қызметтегi төрағаға кеңес беретiн орган ретiнде Үштiктiң маңызы зор. Осыған орай «Түркістан» халықаралық саяси апталығының бейсенбілік нөмірінде «Беделдi ұйымға төрағалықтың мемлекеттiк астары» атты көлемді мақала жарық көрді.

«Қазақстан жылды жақсы  аяқтағалы отыр, бұл - жарқын жеңіс». «Мемлекет басшысы «Арна Медиа» холдингінің бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының сұрақтарына жауап қайтарды. Аяқталып келе жатқан жылдың қорытындылары, елдің болашағы, тіл саясатының жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төраға кезінде өзінің алдына қоятын міндеттер - Мемлекет басшысы осы күндері 90 жылдығын атап өткен «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында болған кезде республиканың белді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына берген сұхбатының негізгі тақырыптары, міне, осылар», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Газеттің жазуынша, Қазақстан басшысына көкейкесті сұрақтарды «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің жетекшілері Сауытбек Абдрахманов пен Александр Тараков, «Қазақ ақпарат агенттігі» ҰК» басқармасының төрағасы Дәурен Дияров, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Жанай Омаров, «Хабар» агенттігінің басшысы Гүлнәр Ықсанова, «Қазақ газеттері» және «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бас директорлары Жұмабек Кенжалин мен Жүсіпбек Қорғасбек, «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі басқармасының төрағасы Ерлан Байжанов қойды.

Елбасымен арадағы сұхбат «Казахстанская правда» басылымында да толығымен жарық көрген.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі 2009 жылы желтоқсанның 23-інде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысын өткізді.  Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және көптеген үкіметтік емес ұйым­дардың көшбасшылары енгізілді. Отырыс барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрман­ғалиева комиссия мүшелерін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйе­сін жетілдіру жөніндегі министрліктің жұмысымен таныстырған.

«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы әлеуметтік және сауда саласындағы жұмысын жаңа бастаған бірқатар нысандарда болды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, елбасы барған нысандардың бірі 150 орындық пер­зентхана мен тәулігіне 250 адамға дейін қабылдай алатын әйелдер консультациясы болды. Бұлар халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Соның ішінде пер­зентхана - «100 мектеп, 100 ауру­хана» бағдарламасы шеңберінде салынып, пайдалануға берілгелі тұрған алғашқы нысандардың бірі. Мұнда жүкті әйелдерге жоспарлы, төтенше көмектер мен консуль­та­циялар беріледі. Сондай-ақ, гине­ко­логиялық науқастарға шалдыққан әйелдер де осы орталықтан көмек ала алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы мен еуропалық стандарттарға сәйкес мұндағы 15 босану палаталары басқаларға көрінбейтіндей етіліп, бөлек-бөлек орналастырылған. Нысанның жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайды.

ҚР Президенті болған нысандар жайында егжей-тегжейлі жазылған мақаланы «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Литер», «Известия», «Экспресс-К» басылымдарынан да оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар