Қазақстан энергетикалық сусындар импортын шектеуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары елімізге энергетикалық сусындардың әкелінуін шектеуді ұсынып отыр. Олардың айтуынша, жасөспірімдердің ол сусындарды көптеп тұтынуы сақтанарлық жағдайға жеткізген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жалпы отырыста Сәкен Қанабеков ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады.

«Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлттың денсаулығы - біздің жарқын болашақтың кепілі» екенін атап өткен болатын. Қазіргі уақытта еліміздегі медициналық қоғамдастықтар шектеу шараларына қарамастан, энергетикалық сусындарға жасөспірімдердің үйір болуы елімізде тыйылмай тұрғанын келтіреді. Қазақстандық мамандардың ойынша, энергетикалық сусындар - психотропты заттек болып табылады», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, энергетикалық сусындарды тұтыну тұрақты түрде үйренуге әкеліп, орталық жүйке жүйесінің жүдеуіне әкеліп соқтырады. Құқыққорғау органдары қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек, осындай сусындарды тұтынатын жасөспірімдер агрессивті әрі тентек қылықтарымен ерекшеленеді. Үш есе көп темекі тартады, есірткілік заттарды тұтынады. Осының салдарынан қылмысқа барады.

«Шетелдік ғалымдардың зерттеу жұмысының нәтижесі көрсетіп отырғандай, энергетикалық сусындардың құрамында ұйқысыздықты, тынышсыздықты тудырып, жүрекке күш түсіріп және өзге де ауруларға әкеліп соқтыратын заттардың бары анықталған. Инфекциялық емес дерттерге қарсы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы жүрек-қан тамырлары ауруларын азайтудың бір жолы - энергетикалық сусындардың тұтынуын азайту деген тұжырымға сүйеніп отыр. Сондықтан, дамыған елдердің көбі энергетикалық сусындардың келуін азайтып, тіпті шектеп жатқандар бар», - дейді мәжілісмен.

Сәкен Қанабеков Қазақстанда 2013 жылғы 19 тамыздағы Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен сай келмейтін компонеттері бар сусынды орта, арнайы  және жоғары оқу орындарында, балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық шараларында тұтынуға тыйым салынғанымен, бұлар жеткіліксіз екенін айтады.

«Бүгінгі таңда энергетикалық сусындарды оқу орындарынан тыс жерде балалар мен жасөспірімдер тұтынып жүр. Ал бұқаралық-мәдени шараларға олар «оталған» күйі келеді. Сондықтан, елімізде энергетикалық сусындарды әкелуді шектеу бағытында тағы да шараларды қабылдап, оны тұтынған жасөспірімдер үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді, немесе оны әкелінуіне толық тоқтатуды ұсынамыз», - деп түйді депутат.

Соңғы жаңалықтар