Қазақстан «Doing Bussines» рейтингінде 9 сатыға жоғарылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан «Doing Bussines» рейтингінде 9 сатыға жоғарылады. Бұл туралы рейтингтің жарияланған есебінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2017 жылы Қазақстан «Кәсіпорын құру» индикаторы бойынша 54-орыннан 45-орынға көтерілген.

Мұндай нәтижеге ҚР Әділет министрлігі жүргізген өзгерістердің арқасында қол жеткен. Атап айтқанда, кәсіпорынды тіркеу уақыты бірнеше күннен бірнеше минутқа қысқартылып, кез-келген категориядағы бизнес ашу жолдары жеңілдетілді.

«Бүгінде тек тіркеу уақыты қысқарып қана қойған жоқ. Жарғылық капитал туралы талап жойылды. Кәсіпорындар мөртабансыз, электронды цифрлық қолтаңбамен жұмыс жасай бастады. Сондай-ақ салықтық рәсімдеу тұрғысын да жеңілдіктер жасалды. Мәселен, кәсіпкерлер қосымша құн салығын электронды түрде тіркей алады. Бұрын оған 5 күн кетсе, енді 1 күнде қол жеткізе алады», - деді қалалық Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақерке Қожахметова.

Бұл норма «Салық және өзге де міндетті бюджет салымдары туралы» Кодекске енгенін айта кету керек.

Құзырлы орган өкілдері 1 мамырдан бастап күшіне енген жаңа кодекстегі басқа да өзгерістерді кәсіпкерлерге түсіндіріп берді. Бұл өзгерістер келесі жылдан бастап күшіне енеді.

«Сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және өкілдіктер мен бөлімшелерді есепті тіркеу» туралы Заңның 6-бабына да өзгеріс енді. Енді кезекте E-gov.kz порталы арқылы сақтандыру туралы келісімге келіп, электронды шот ашу мүмкін болмақ», - деп толықтырды А. Қожахметова.

Айта кету керек, жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сәйкес,  жеке кәсіпкерлердің 93 пайызы онлайн-режімде тіркелген.

 

Соңғы жаңалықтар