Қазақстан блогерлеріне БАҚ құқығы берілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда желілік басылым ретінде тіркелген блогерлер бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын құқыққа ие болуы мүмкін.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік ақпараттық алаңда ресми ұсынылмағандарға қажетті шарттар жасау қажеттігін түсінеді. Бұған қоса, блогерлер біздің елімізде орын алып жатқан қандай да бір оқиғаларды белсенді жазып көрсетуде. Сондықтан да олар үшін ерікті түрде желілік басылым ретінде тіркелу мүмкіншілігі қарастырылады. Бұл заңнамалық негізде бұқаралық ақпарат құралдары құқығын алуға жақсы мүмкіншілік», - деді ол Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысында.

Оның айтуынша, шетелдік БАҚ-қа ақпараттық материалдар ұсынатын ел азаматтарын тіркеу туралы ұсыныс та дәл осы мақсаттарды көздейді.

«Әрине, алда түрлі форматта және құрамда құжатты талқылау бар. Қазір бұл нормаларды тікелей зерделеп, талқылайтын жұмыс тобы құрылуда. Қазірдің өзінде айтылып жатқан ұсыныстар мен ескертпелер біздің тарабымыздан қаперге алынып, заң жобасын әзірлеу барысында ескерілетін болады», - деді Әжібаев.

Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев заң жобасын қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін 2017 жылдың наурызына дейін Үкіметке және 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізу қажеттігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар