Қазақстан бидай экспорты бойынша Ауғанстан нарығын жалғыз өзі жауып отыр -ҚР СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ауғанстанға бидай экспорттап қана қоймай, басқа да тауар түрлерін өткізу бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Астанада баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ауғанстанға логистикалық қолдау көрсету жөніндегі келісімдерге келер болсақ. Теміржол мен әуе транзиті туралы айттық. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы тарапынан бірнеше жылдан бері көтерілген. Біз өзімізге жүктелген міндеттемелердің барлығын толықтай орындап отырмыз. Ендігі кезекте, Қазақстанның бизнес өкілдерін Ауғанстандағы экономикалық жобаларға қатыстыруға мүдделіміз. Бұл жайында да АҚШ-та әріптестерімізбен мәселе көтерген едік. Қазақстан тауарларының ауған нарығына кіру мәселесі де біздің назарымызда. Соңғы 2016-2017 жылдарды айтар болсақ, Қазақстан бидай экспорты бойынша Ауғанстан нарығын жалғыз өзі жауып отыр десек те болады. Сондықтан, әлі де басқа тауарлар бойынша әлеуетіміз бар. Сол әлеуеттерді іске асыруға барынша күш саламыз», - дейді Ержан Ашықбаев.

Еске сала кетсек, 20 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалық етуімен «Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында министрлік деңгейінде дебаттар өткізілген болатын. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов аталған жиында сөз сөйлеп, Қазақстанның БҰҰ ҚК-де өз жұмысын бастауына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Гүлденген, әділ әрі қауіпсіз әлем құру үшін жаһандық ынтымақтастықты бекемдеудің концептуалды көзқарасы» атты өзінің үндеуінде жеті басымдықты ерекше бөліп көрсеткенін атап өтті.

Аталған жеті басымдықтың бірі - Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің модельіне айналдыру болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесіндегі біздің елдің тұрақты емес мүшелігі кезінде аталып өткен басымдықтардың тағы бірі ретінде Мемлекет басшысы өзара тәуелділік және даму моделі тұрғысында ұзақ мерзімді тұрақтылық пен мығым бейбітшілікке ден қойды.

Соңғы жаңалықтар