Қазақстан аумағында жолда қалған 338 адам құтқарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ТЖ комитеті бөлімшелерінің, жергілік полиция қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, жол әрі коммуналдық қызметтерінің күшімен 22 қаңтарда еліміздің автожолдарынан 338 адам, оның ішінде 15 бала жылытылған орындарға жеткізілді. 

Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Самара-Шымкент» жолының 1052 шақырымындағы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы аумағында техникалық ақауына байланысты тұрып қалған автобустың 53 жолаушысы (4 бала бар) жылыту бекетіне жеткізілді. Жолаушылар автобусы Шымкенттен Уфаға бағыт алған. Жолаушылардың 47-сі Өзбекстан азаматы, алтауы - ресейлік. Ал 3 жүргізуші Қазақстан азаматтары.

Бұдан бөлек, «Астана-Петропавл» автожолының 54 шақырымында, яғни Ақмола облысы Шортанды ауданы аумағында жолда қалған автобустың 41 жолаушысы (2 бала бар) «Бозайғыр» елді мекеніне жеткізілді. «Петропавл-Сарыағаш» бағытындағы бұл автобустың жолаушылары Өзбекстанның азаматтары және екі жүргізуші Қазақстан азаматтары.

Ақмола облысы Бұланды ауданында «Мерке-Түмен» бағытындағы жолаушылар автобусы техникалық ақаулары салдарынан жолда тоқтап қалған. Көліктегі 57 адам Макинск қаласына жеткізілді. Жолаушылардың барлығы Тәжікстан азаматтары.

Ал Целиноград ауданы аумағында «Алматы-Екатеринбург» жолының 1275 шақырымында жолда қалған автобустың 15 жолаушысы, оның ішінде 5 бала Семенов орта мектебіне жеткізілді. Бұл адамдардың барлығы Қырғызстан азаматтары екені анықталды. Автобус жөнделгеннен кейін, қайтадан жолға шықты.

Бурабай ауданында «Көкшетау-Щучинск» жолының бекетінен жергілікті полиция қызметінің сүйемелдеуімен Көкшетауға дейін 2 жолаушылар автобусы жеткізілді. Жолаушылар көліктері «Сарыағаш-Екатеринбург» бағытында жүрген. Салонда болған Өзбекстанның 50 азаматына қажетті көмек көрсетілді.

Сонымен қатар «Астана-Омбы» бағдарындағы автобуста болған ресейлік 20 адам Көкшетаудағы қонақ үйлердің біріне орналастырылды.

Мұнымен қоса, Целиноград ауданында «Алматы-Екатеринбург» жолының 1 304 шақырымында қалған үш автокөліктегі 13 адам жылыту орындарына жеткізілді.

Бұдан бөлек, Қорғалжын ауданы  аумағындағы жолда көліктері тұрып қалған 20 жолаушының 11-і Қорғалжын елді мекеніндегі қонақ үйге, ал қалған 9 адам сол жердегі туыстарының үйлеріне орналастырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Соңғы жаңалықтар