Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылатын кинокартина белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған кинематография саласындағы «Тұлпар» ұлттық киножүлдесін салтанатты тапсыру шарасында «Оскар» сыйлығына Қазақстан атынан ұсынылатын фильм жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.   

Сонымен, 2018 жылы Американың киноиндустрия саласындағы беделді сыйлығын иелену үшін Қазақстан атынан режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» туындысы ұсынылатын болады.  

Ақан Сатаевтың фильмі қазақстандық - 14 және шетелдік 4 фильмнің арасынан жеңімпаз атанып отыр. Дауыс беру жабық түрде өтті.  

Енді бірнеше аптадан кейін «Анаға апарар жол» фильмін Америкада киносыншылар көретін болады.   

Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп түсірген «Анаға апарар жол» картинасы өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Фильмде ананың перзентіне деген шексіз махаббаты, перзентінің Отанына деген адалдығы көрсетілген.

Аталған картина 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальдің, Қырғызстанның танымал кинематографистері ұйымдастыратын «Ақ ілбіс» ұлттық киножүлдесінің бас марапатын жеңіп алған .

Сондай-ақ Нью-Йоркте өткен кинофестивальда үздік көркем фильм деп танылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген аталмыш  тарихи драма, сонымен қатар Хорватиядағы «Марко Поло» кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды. 

Айта кетейік, бүгін Алматыда «Тұлпар» Ұлттық киножүлдесін тапсыру салтанаты өтті. Марапат бірқатар номинация бойынша табыс етілді. Қазақстанның «Үздік фильмі» болып Ақан Сатаевтың «Аудандар» фильмі танылды. 

Соңғы жаңалықтар