Қазақстан ардагерлері Елбасына ұдайы қамқорлығы үшін алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиналысқа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ардагерлер ұйымы 1987 жылғы 21 наурызда құрылған. Бірлестік құрамында 1 млн 845 мың соғыс және еңбек ардагері бар. «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының 17 лауреаты, 2 Кеңес Одағының Батыры, 115 Социалистік Еңбек Ері ұйымның мақтаныштары болып саналады.

Салтанатты жиналысқа Ардагерлер орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов, еліміздің барлық өңірінің соғыс және еңбек ардагерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың тұрмыс деңгейін арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдығының бірі болып саналатынын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсетінін айтты. Бұдан бөлек, негізгі зейнетақыны тағайындау жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылып, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болмақ. Бұл шаралар 2018 жылы негізгі зейнетақы көлемін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік хатшы республикалық бірлестіктің Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Соңында Мемлекеттік хатшы ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ардагерлер белсенді түрде атсалысатынына сенім білдірді.

Салтанатты жиын барысында ардагерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Олар Қазақстанда салтанат құрып отырған бейбітшілік, бірлік пен келісім үшін Мемлекет басшысының көреген әрі сындарлы саясатын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар