Қазақстан араб елдері үшін халал-хаб болуға қауқарлы - «Атамекен» ҰКП

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан араб елдері үшін халал-хаб болуға қауқарлы. Бұл туралы бүгін Қазақстан-БАӘ бизнес-форумында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктеріне тасымалдау мәселесі екі жақтың да қызығушылығын тиудырып отыр. Сіздер Қазақстанды барша Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында қауқарлы мемлекет ретінде қарастырғандарыңыз жөн. Өздеріңіз білесіздер, еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының сұранысты қамтамасыз ету мүмкіндіктері жоғары»,-деді Әлтаев.

Осы орайда ол БАӘ бизнесі тарапынан мал шаруашылығы өнімдеріне, астық және бұршақты дақылдарға қызығушылық бар екенін жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Әмірліктердің ішкі нарығы толықтай импортталатын етпен қамтамасыз етіледі және тұтыну көлемі үнемі артып келеді. Тек 2015 жылдың өзінде аталған ел 800 млн. долларға 154 мың тоннаға жуық ет импорттаған.

«Ислам даму банкінде тиісті жоба қарастырылып жатқанын білесіздер, оның аясында Қазақстан араб елдері үшін халал-хаб болуға қауқарлы. Атап айтқанда, халал-өнім нарығы әлемде қарқынды дамып келе жатыр және осы нарықтың көлемі 33 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыны құрап отыр. Бұл ретте өзара жұмыс ішін елеулі әлеует бар»,-деді Әлтаев.

Айта кетейік, бизнес-форум барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Кәсіпкерлер палатасының және Индустрия федерациясының арасындағы Қазақстан-БАӘ Бiрлескен бизнес кеңесiн құру бойынша өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар