Қазақстан адвокаттарына сақтандыру жауапкершілігі жүктелмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдан бастап Қазақстандағы адвокаттарға қызметтің сапасына қарай сақтандыру жауапкершілігі жүктелетін болады. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Департамент директоры «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң жобасында адвокаттарға жүктелген бірқатар міндеттемелерді атап өтті.

«2020 жылдан бастап адвокаттар мен заңгерлік кеңес берушілер үшін міндетті түрде кәсіби тұрғыда сақтандыру жауапкершілігі жүйесі енгізіледі. Демек, адвокаттарға жүгінген азаматтар сапасыз заңгерлік қызметті көріп жатса міндетті түрде олардан сақтандыру төлемін талап ете алады. Сақтандыру жауапкершілігі әлемдік тәжірибеде бар», - дейді Бақтыгүл Атағазиева.

Сондай-ақ департамент директоры адвокаттарды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылғанын атап өтті. Оның сөзіне сенсек, алдағы уақытта аймақтық және республикалық адвокаттар алқасының құрамындағы алты адвокат, уәкілетті органның үш қызметкері мен отставкадағы үш судьяның тартылуымен екіжақты тәртіптік комиссия құру жоспарланып отыр.

Бақтыгүл Атағазиева бұған қоса жаңа заң жобасын қабылдау арқылы адвокаттардың қызметінің сапасы арта түсетініне сенім білдірді Оныңайтуынша, адвокаттардың біліктілігін арттыру үшін оларды арнайы оқыту көзделген. Егер бұл оқытудан олар бас тартса адвокат ретінде жұмысын жалғастыра алмайды. Мұндай жауапкершілік арттыру шарасы да заң жобасында қарастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар