Қазақстан 10 мемлекетке мақта талшығын экспорттайды
«Қазақстанда 1991 жылы жеке, яғни отандық мақта талшығы жоқ болатын. Қазіргі уақытта мақта талшығының 10 түрін (сортын) жасап шығардық. Оның бесеуі мемлекеттік сынақтан өтті», - дейді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының төрағасы.
Асқар Наметовтың айтуынша, елімізде қазіргі уақытта тазартылмаған мақтаның өнімділігі - 22-23 ц/га. Ал отандық жаңа мақта талшығының түсімі 38-40 ц/га көрсеткішке жетеді.
«Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30-40 пайызға арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге, мақтаның сапасын да арттыру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыс өз кезегінде ішкі және сыртқы нарықта тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады», - дейді Асқар Наметов.
Белгілі болғандай, қазіргі таңда қазақстандық мақта талшығының сорты 10 елге, атап айтқанда Ресей, Беларусь, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея елдеріне экспортталады.