«ҚазАқпарат» шағын қалалар мен аудандарда тілшілер желісін кеңейтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің Бас директоры Асқар Умаров компанияның 2018 жылға арналған жоспарлары жөнінде мәлім етті.

«Биыл «ҚазАқпарат» ХАА төрт тілде экономикалық жаңалықтар таспасы жобасын іске қосады. Бұл бағытта сұраныс бар. Айта кетейік, қытайлық, ресейлік әрі түркиялық серіктестеріміз осы жобаға белсенді қатысуға ниетті. Бүгінде оларда осы тектес жобалар іске қосылған және шетелдік серіктестер бізбен бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр», - деді Бас директор Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол «Картадағы орын» жобасы іске қосылатынын айтып өтті. Осы орайда апта сайын Қазақстан өңірлеріндегі бірегей жерлерден фоторепортаждар жарияланады.

«ҚазАқпарат» өз контентін дамыту тұрғысында алдағы уақытта облыс орталығында, сонымен қатар шағын қалалар мен аудандарда тілшілер желісін кеңейтуді жоспарлайды. Бұл жұмыстар аудандарды да кеңінен қамтуға арналған», - деді Асқар Умаров.

Атап өтілгендей, агенттік шет мемлекеттерде стрингерлік желілер құруды көздеп отыр.

«Шет мемлекеттерде «ҚазАқпаратпен» ынтымақтастықты нығайтуға ниетті адамдар көптеп кездеседі. Бүгінде шетелде 7 тілшілік пунктіміз бар. Осы орайда Еуропа бойынша желіні кеңейтуді жоспарға алдық. Сонымен қатар өзге де бірқатар елдерден адамдар өз ұсыныстарын жасап жатыр», - деді «ҚазАқпарат» агенттігінің Бас директоры.

Айта кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА алдағы уақытта online-трансляциялар, фоторепортаждар мен тақырыптық жобалар санын арттыра түседі. «Бірегей Қазақстан» (Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұртшылыққа беймәлім орындар, кәсіпорындар, нысандар мен адамдар туралы мақалалар жариялау),  «100 жаңа есім» (100 жаңа есімге енген адамдар туралы story форматында контенттер дайындау) жобаларын жүзеге асырады.

2017 жылы «ҚазАқпарат» сайтын пайдаланушылар 21 пайызға өскен. Бұл ретте, inform.kz порталын қараушылардың жиынтық көрсеткіші 28 миллионды құраса, оның ішінде 11,9  миллионы -  бірегей пайдаланушылар болып отыр. Әлеуметтік желіде агенттіктің парақшасына жазылушылар саны үш есеге дейін артты.  2017 жылы 18 тақырыптық жобалар, 4 web-жоба жүзеге асты.

Соңғы жаңалықтар