«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры ҚР мен ҚХР гуманитарлық ынтымақтастығындағы ілгерілеуді атап өтті

None
None
НАНКИН. ҚазАқпарат - Нанкинде алғаш рет өтіп жатқан Жібек жолының БАҚ ынтымақтастығы форумында «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Әсел Төлегенова Қазақстан мен Қытайдың гуманитарлық саладағы әріптестігі туралы айтты, деп хабарлады Қытайдан «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

 «Соңғы жылдары елдің гуманитарлық ынтымақтастығында белгілі бір ілгерілеу байқалады - екі елдің ғалымдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері арасында ынтымақтастық артуда. Қытайдағы қазақстандық студенттер саны 11 мыңнан асады. Бұл ҚХР-дағы шетел студенттері санының барынша жоғары көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Қазақстанда 4 Конфуций институты жұмыс істейді», - деді ол «БАҚ халықтардың өзара түсіністігін қалай нығайтады» атты панелді сессияда сөз сөйлеу барысында.

«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры өткен жылдың аяғынан бастап Қытайда Қазақстан Орталықтары - Қазақстан тарихы, тілі және мәдениетін  алға жылжыту және тарату үшін жария дипломатия саласындағы функционалдық алаң саны артып жатқанын хабарлады. Сонымен, ҚХР-дағы алғашқы Қазақстандық орталық Шанхай шет тілдері университетінің жанынан 2015 жылғы 16 қарашада ашылған. Екіншісі -   сол жылы 13 желтоқсанда Бейжің шет тілдері университеті жанынан, үшіншісі - 2016 жылғы 8 қаңтарда Дальянск шет тілдері университеті жанынан ашылды. 2017 жылдың бірінші жартысында Сиань шет тілдері университеті жанынан осындай орталық ашу жоспалануда.

«Мұндай серпін қытай ғылыми ортасы мен қоғамдастық өкілдері тарапынан Қазақстанға қызығушылықты арттырады. Мұны Қытай Орталық телевидениесінен «Елбасы жолы» атты ҚР Президенті Н. Назарбаев туралы триологияны кеңінен көрсеткенінен білуге болады. Екінші жағынан Қазақстан халқында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы, «Сандық Жібек жолы» және «Ақпараттық Жібек жолы» атты бағдарламаларды іске асыруға байланысты Қытайдағы оқиғаларға қызығушылықтың артқанын атап өткен жөн», - деп айтып өтті ол.

Әсел Төлегенова бүгінде Қазақстан аумағында «Жэньминь жибао» және  «Гуанмин жибао» газеттері,   «Синьхуа» АА, Халықаралық қытай радиосы, «CCTV» орталық Қытай телевидениесінің бөлімшелері жұмыс істейтінін еске салды. «Жэньминь хуабао» баспасы биылғы жылдан бастап қазақ және орыс тілдерінде «Жібек жолы - Ревю» журналын шығара бастайды.

 «Қазақстандағы, тұтастай Орталық Азиядағы жетекші қытайлық БАҚ әріптестері, басты және ескі достарының бірі «ҚазАқпарат» ХАА болып табылады. Өткен жылы 95-ке келдік. Бүгінде өңірден  Қытайда меншікті тілшілер пункті бар біз ғана.  Жоспарымыз - қытайлық әріптестермен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуді, кеңейтуді жалғастыру. Атап айтқанда, таяу уақытта «Жэньминьванмен»  өзара негізде агенттіктеріміздің жаңалықтарымен арнайы айдар ашуға ниеттіміз», - деді ол.

 «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры шара қатысушылары ЭКСПО-2017 көрмесіне шақыра отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық ынтымақтастық жайлы қысқаша айтып өтті.

«Келесі жыл Қазақстанда Қытайдың туризм жылы болып жарияланды. Астанаға ЭКСПО-ға қытайлық туроператорлардың алдын ала өтінімі бойынша ҚХР-дан жарты миллионнан астам туристер келеді. Осы оқиғаның арқасында Қытайда және басқа да «Бір белдеу, бір жол» елдерінде адамдар Қазақстан жайлы кеңінен таныса түседі», - деді Әсел Төлегенова.

null 

Соңғы жаңалықтар