«Кazakh Invest»-тің шетелдегі өкілдіктерінің саны артады

None
None
  АСТАНА.  ҚазАқпарат - «Кazakh Invest» ұлттық компаниясы шетелдегі өкілдіктер санын арттыруды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Кazakh Invest» Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары  Біржан Қанешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет шешімі бойынша 7  елде өкілдігіміз бекітілген. Жұмысқа кірісті, жасап жатыр. Қосымша қай елдерде ашу керектігі қаралу үстінде. «Кazakh Invest» компаниясының  корпоративтік  стратегиясын дайындап  жатырмыз. Оны Үкіметке ұсынамыз. Сол құжатта қандай жұмыстар  жүктелетіндігі,  тағы қандай басымдықтар бекітілетіндігі белгілі болады. Содан кейін өкілдік ашылатын елдерді ұсынамыз", - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

ҚР ИДМ Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, «Кazakh Invest» компаниясының  өкілдіктерінен бөлек 10 елдегі Қазақстан Елшілігінде инвестициялар жөніндегі кеңесші жұмыс істейтін болады.

«Қазіргі таңда үш Елшілікте кеңесші бекітілген, қалғандары бекітілу үстінде. Олардың жұмысы -  ұлттық компаниямен бірлесіп немесе ұлттық компания өкілдері жоқ жерде инвесторлармен тікелей кездесу, келіссөздер жүргізу, Қазақстан туралы, еліміздегі инвестициялық ахуал жайында ақпарат беру. Ал кеңесші жоқ Елшіліктерімізде бұл жұмыстар дипломатиялық өкілдігіміздің экономика бағытындағы миссиясына жүктелген. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарды еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірге жүргізіп жатырмыз», -  деді Лариса Жұмағалиева.

Соңғы жаңалықтар