Қазақфильм сценарий байқауының жеңімпаздарын анықтады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі сценарийлер  байқауының жеңімпаздарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конкурсқа отыздан астам қысқаметражды көркем фильмдер сценарийлері түскен. Олардың ішінен бес жұмыс іріктеліп алынған.

Атап айтқанда, Қайыржанова Венераның «Тығылмақ», Баймұратов Арманның «Тақия», Рахметалиев Аленның «Төзім», Жаханов Беріктің «Кешірім», сондай-ақ Жылысбаева Ардақтың «Жұт» сценарийлері үздік деп танылды.

«Бізге жіберілген сценарийлердің ішінен бесеуін іріктеп алдық. Олардың барлығы үстіміздегі жылы өндіріске жіберіледі. Төрт туындының режиссері авторлардың өздері болмақ. Ал «Жұт» сценарийін Еспенбетов Жандос есімді жас режиссерге беруді жөн санадық. Мұндай тәжірибе «Дебют» ШӨБ-де көптен бері жасалынбаған болатын», - деді «Қазақфильм» АҚ Эксперттік кеңесінің теңтөрағасы Бекболат Шекеров.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірде «Қазақфильм» «Дебют» ШӨБ атынан сценарийлер байқауын жариялаған болатын. Шарт бойынша байқауға жас авторлармен қатар өз ісінің кәсіби мамандары да қатыса алатын. Сайысқа Кенжебек Шайқақов, Ғазиз Насыров, Ардақ Жылысбаева және Тимур Мақажановтар сияқты тәжірибелі авторлар да қатысты.

Айта кету керек, «Қазақфильм» қысқаметражды көркем картиналарды 1959 жылдан бастап шығарып келеді. Кейінірек киностудияда «Дебют»  шығармашылық-өндірістік бірлестігі құрылып, бүгінде оны Анар Қашағанова басқарады.

Соңғы жаңалықтар