«Қазақфильм» мүгедек бойжеткен туралы фильм түсірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қыз бен теңіз» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілімдері аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары Әзизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбеков. 

«Қыз бен теңіз» фильмінің негізі өмірден алынған оқиғадан тұрады. Бас кейіпкер қыз АРДИ мүгедек балалары бар ата-аналар қауымдастығы оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпова. Ақ жарқын, еңбекқор, көмек қолын әрдайым созуға дайын тұратын Динара өте өжет. Фильмдегі бас кейіпкердің есімі Әсел. Оның бар арманы - махаббатын кездестіріп, отбасын құру және бала табу. 
«Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға кинематограф арқылы келген арт-терапияның әсері инклюзивті (барлығы қамтылған) болатынын түсіндім. Әлеуметтік бағытта түсірілген «Быть или не быть?» және «Қыз бен теңіз» жобаларынан кейін біздің «актерлеріміздің» қалай өзгеріп, өздеріне деген сенім пайда болғанын байқадым. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Өзім балалар үйінде тәрбиеленгендердің бірімін. Маған кезінде өмірге деген құштарлықты үйреткен осы өнер, кинематограф. «Қыз бен теңіз» фильмі көрермендерге мүмкіндігі шектеулі адамдардың қандай қиындықтармен кезігіп, қандай қиындықтарды бастан кешіріп отырғандарын көрсетеді. Көрермендер біздің кейіпкерлерді қөру арқылы адам мүмкіндіктерінің шектеусіз екенін түсінеді және өздеріне деген сенім ұлғая түседі деп ойлаймын. Біз, авторлар, гуманистік және жасампаз мағына беретін бұл фильм отандық көрермендердің ғана емес, сондай-ақ, шетелдіктердің де көңілінен шығады және халықаралық кинофестивальдерден өз бағасын алады деп үміттенемін. Болашақта тек осы сипаттағы фильмдерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп түсіретін боламын», - деді Азизжан Заиров. 

Қазір жоба постпродакшн кезеңінде тұр. Фильмнің түсірілімдері Алматы қаласында және Қапшағай жағалауында өткен. Фильмге түскендердің  барлығы дерлік кәсіби актерлер емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар (БЦП диагнозы және психикалық даму бөгелісі бар). Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне театр және кино актрисасы ГүлбаҺрам Байбосынова шақырылған.
«Түсірілген материалдарға шығармашылық топтың көңілі толады. Өйткені, бәріміз де осы жобаға барымызды салдық. Түсірілім барысында бір кадрды бірнеше рет қайталап түсіре берген кездеріміз болды. Олай істеген себебіміз, кейіпкерлеріміз қажетті эмоцияны және көңіл-күйін нанымды бере алса екен дедік. Біздің «актерлеріміз» бар талантын салып, өздерінің шығармашылық әлеуетін барынша көрсете алуын қаладық. Ертеңгі күні, фильмді көріп отырған көрермен фильмдегі кейіпкерлердің инва арбаға тағылғанына жаны ашығанынан емес, олардың актерлік ойынына таң-тамаша болғанынан қол шапалақтаса екен деген едік», - деп қосты Азизжан Заиров. 

Режиссерлері: Мұхамед Мамырбеков, Әзизжан Заиров 
Қоюшы операторы: Тимур Итенов
Рөлдерде: Динара Шәріпова, Тахир Омаров, Қанағат Тасқараев, Гүлбаһрам Байбосынова, Сауран Қастеев, Алмат Әділбаев және басқалары. 

Соңғы жаңалықтар