Қазақ зиялылары Астанада кітапсүйер қауыммен кездеседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 сәуір күні Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында«Кітапхана - руханият ордасы»  тақырыбында ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Бұл күні кітапханада «ЕХРО-2017 - Болашақтың қуаты», «Түркістан - елдігіміздің ақ ордасы», «Коран: притяжение гармонии», «Жаңа кітаптар», «Латын әліпбиіндегі қазақ кітаптары»кітап көрмелері мен«Рухани жаңғырудың жарқын жолы»атты мерзімді басылымдар көрмесі, баспалардың қатысуымен кітап жәрмеңкесіұйымдастырылады.

Сондай-ақ«Бір ел - бір кітап»-2017 акциясы аясындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» дәрісі мен «Қоңыр: үн, тіл, діл» атты жасөспірімдерге арналған ақпараттық сағат өтеді.

Одан бөлек, Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне 130 жыл толуына орай  «Өлең - сөздің патшасы» атты әдеби-кеш, «Қараңғылықтағы сұхбат», «ҚР Ұлттық академиялық кітапханадағы электронды ресурстар», «Каталогизатор сағаты»атты тренингтер болады.

Одан кейін алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя - Алаш» атты кітабының тұсаукесері өтеді.  Автордың бұған дейін осы тақырыпты қаузаған «Ұраным - Алаш» атты кітаптар сериясы қазақша жарық көрген болатын. Жоғарыдағы орыс тілінде шыққан 1100 беттік көлемді туынды «Ұраным - Алаштың» толықтырылған аудар­масы. Ашық есік күні шет тіліндегі кино көрсетіліммен жалғасын табады.

Ашық есік күніне Ғарифолла Есім, Болат Көмеков, Әділ Ахметов, Алдан Смайыл, Серік Тұрғынбекұлы, Тұрсын Жұртбай, Айтмұхамбет Бейсембеков, Баянғали Әлімжанов және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері және мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттері, кітапхана оқырмандары қатысады.

Кітап күнінің шығу тарихы 1995 жылдың 23 сәуірі күні пайда болды. Қазіргі таңда бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні деп аталады және  100-ден астам елде атап өтіледі. Идеяның мақсаты -кез келген жастағы адамды кітап оқуға ынталандыру. 

Соңғы жаңалықтар