Қазақ жерінің бүтіндігін сақтауда Шақшақ Жәнібектің еңбегі ерен - Серік Тұрғынбекұлы

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекет қайраткері, тархан Шақшақ Жәнібекке ашылған ескерткіштің тарихи маңызы жөнінде белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Он сегізінші ғасырдағы қазақ тарихы қолбасшы, мемлекеттік қайраткер, батыр Шақшақ Жәнібексіз айтылмайды. Батыр туралы тарихи деректер Қазақстанда ғана емес, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор және Омбы қалаларындағы архивтерде сақталған. Қазақ жерінің бүтіндігін сақтауда Жәнібек Қошқарұлының еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.

«Кеше мен бүгінді байланыстыратын, ғасыр үрдісін жалғайтын, бүтін бір ұлттың алтын арқауына айналып, ел тұтастығына қызмет ететін қастерлі кісілер болады. Солардың сойы да соқталысы - Шақшақ Жәнібек. Тарханның рухына жасалып жатқан Тобыл-Торғай торабындағы мына бастама біздің қазақ тарихына деген шексіз құрметіміздің дәлелі. Батыр, мәмілегер Жәнібек қайтадан атқа қонып, мәңгілік тұғырына орнықты. Бұл - халықтың құдіретін, елдің еңсесін көтеретін ерен шаруа. Бүгінгі еліміз жұмыла бірігіп жатқан «Рухани жаңғырудың» ұлы көрінісі. «Туған жерге туың тік» деп қадап айтқан еді Елбасы халыққа жолдаған бағдарламалық мақаласында. Ескерткіш тұрғызу бастамашыл топтардың ерікті түрдегі ісіне айналып барады. Өткен жылы жұртшылықтан жиналған қаржының арқасында қазақтың хас батыры Қобыландыға  Қостанай қаласында ескерткіш орнатылды, енді, міне Шақшақ Жәнібек тархан рухы туған жер кіндігінен бастау алып, байтақ дала төсінде орын тепті», - деді ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы.

Шақшақ Жәнібек туралы қазақтың ақын-жазушылары қалам тартпай қалған жоқ. Әрқайсысы әрқилы пікірлер сабақтағанымен, түптеп келгенде, баршасы Жәнібек тарханның тағдыр-талайын тереңірек зерделеуге тырысты. Осы орайда ақын Серік Тұрғынбекұлы Шақшақ Жәнібек ұрпақтарына ел алғысы ерекше екенін жеткізді.

«1993 жылы Торғай төсінде Жәнібек тарханның 300 жылдығына арнайы ас беріліп, дүркіреген той өткен еді. Сол бір халық есінде қалған игілікті іске, сол кездегі аудан әкімі - Жақан Қосабаев, сол кездегі Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров, сондай-ақ, еліміздің алғашқы меценаттары Ерболат Төлегенов, Жантемір Хамзин сынды азаматтар зор үлес қосып, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан еді. Сол игілікті іс Жәнібек бабаның ұрпақтарының көмегімен тағы да жалғасын тапты. Іргелі іске ұйытқы болған батыр ұрпақтары - Кенжеғали Сағадиевке, Сайлаубек Ещановқа, Тарғын Әбеновке, Сағындық Досмағамбетовке, Рахым Жұмақұловқа, Сұлтанғали Оспановқа, Ибраш Естаевқа, Жантемір Хамзиндерге алғыс айтамын», - деді ақын.

Соңғы жаңалықтар