Қазақ тіліне аударылатын 100 жаңа оқулыққа қойылатын талаптар айқындалды - Рауан Кенжеханұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемнің 30 дамыған елінің қатарынан табылуды мақсат тұтқан мемлекет. Бұл бірінші кезекте жалпы халық болып жұмылатын іс. Өйткені ондай меже қарапайым халықтың өмір сапасына әсер ететіні анық және оны іске асыру үшін әрбір адамның өмір сапасын белгілі бір деңгейге көтеруге міндеттіміз. Алайда бұл жоспар өздігімен болмайтынын ескерсек, билік қана емес әрбір азаматтың сол бағытқа қарай лайықты түрде өзгеруі талап етіледі. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласындағы сананы жаңғырту бағытында жүктелген міндеттер мемлекеттік аппараттың ғана емес қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігін де айқындап отыр. Бұл ретте сарапшылардың басым бөлігі мақалада қамтылған мәселелер іске асырылса қоғамымызда оңтайлы өзгерістер болатынына кәміл сенеді.

Айта кетерлігі, сәуірдің соңына таман ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онда жобаларды іске асыру үшін жұмыс топтары құрылған болатын. Олардың құрамына әр саланың кәсіби білікті мамандары, сарапшылар, сондай-ақ қоғам өкілдері, соның ішінде танымал ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері еніп, бүгінде Президент ұсынған жобалар бойынша жұмыстарын бастап кетті. Осыған байланысты «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі, «Wikibilim» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлының пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

- Рауан Кенжеханұлы, Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін құрылған топтар алғашқы жұмыстарына кірісті. Жалпы, осы ауқымды қадамдар бағытында әрбір азамат өзіне қандай талап қоюы керек деп ойлайсыз?

- Менің пікірімше, қазақ тілін заманға лайықтап, ілгерлету бағытында, әлемдегі болып жатқан өзгерістерге ел мен қоғамды жақындату бағытында жұмыс істеп жүрген орта үшін Елбасы мақаласында айтылған мәселелердің барлығы өте жақын әрі түсінікті. Барша қоғам жұмылып атсалысуы қажет айқын бағыт көрсетілді. Әлемде Қазақстанның алуы тиіс орны туралы айтылды, бұл үшін елдің азаматы ретінде әрқайсымыз «не істеуіміз керек және қандай болуымыз керек?» деген сұрақтар қойылып, оған жауап берілді. Ең әуелі, әр адам өзінің білімі мен біліктілігіне, мәдениеті, жеке тұлғалық қасиеттеріне, өмірлік дағдыларына мән беруі керек. Заман көшінен қалыс қалмас үшін әрқайсысымыз «мен тұлға және маман ретінде өзімді қалай жетілдіруім керек» деген сұрақты өзімізге қоюымыз қажет. Елбасы мақаласында осы бағытта мемлекет қандай жағдай жасай алатындығы айтылып отыр, әрбір адамға көмектесе алатын құралдар, тетіктер де көрсетілген. Сондай маңызды құрал ретінде жоғары білімнің сапасын өзгерту үшін әлемдегі үздік 100 оқулықты аудару бастамасы қолға алынды. Бұл өте құптарлық бастама деп білемін. Шын мәнінде көп ұзамай оң нәтиже бере алатын өте пәрменді қадам.

- Комиссияның жұмыс тобы аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?

- Өздеріңіз білетіндей, мақалада аталған арнайы жобалармен жұмыс істейтін топтар құрылып, оның құрамы бекітілді. Құрамына өзім де кірген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» топта да бірнеше рет кездесу өткізіп, алға қойылған міндеттерді талқыладық. Бұл жұмыс тобына Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жетекшілік етеді. Қойылған мақсатқа орай биылғы жаздың өзінде біраз шаруа атқарылуы тиіс. 2018-2019 оқу жылынан бастап осы жоба аясында дайындалған оқу материалдары, аударылған оқулықтар білім беру жүйесіне кіруі қажет. Сондықтан уақыт өте тығыз болғандықтан, жинақы әрі жылдам қимылдауымыз керек. Оны комиссияның, жұмыс топтарының құрамына еніп отырған азаматтардың барлығы жақсы түсінеді. Сонымен бірге өте маңызды шара болғандықтан, осы мәселеге атсалыса алатын, пікір қосуға қауқарлы білікті адамдардың барлығын бұл жобаға жұмылдыру үшін, мейлінше кең талқылауды қамтамасыз ету үшін жоғары білім саласында жүрген ғалымдарды, баспа ісімен таныс  мамандарды, аударма ісінің тәжірибесі мен теориясын түсінетін кәсіби аудармашыларды тарту арқылы дайындықты бастап кеттік.

- Қазіргі таңда аударылуы тиіс кітаптар анықталды ма?

- Алдымен аударылуы тиіс деген кітаптарға қойылатын талаптарға мән берудеміз. Жинақтап айтқанда, оқулық деп белгілі бір ғылым саласы бойынша қордаланған білімді жүйелеп, шолу ретінде беретін кітапты айтады. Гуманитарлық саладағы оқулықтар шын мәнінде өте көп, талғам да әртүрлі. Сондықтан іріктеу де оңай емес.

100 оқулық тізімінің жобасын жасау үшін оқу орындары өздерінің ұсыныстарын беріп жатыр. Соның арасынан сұрыптап, таңдау жасау керек болады. Басты талаптардың ішінде оқулықтың өзектілігін ерекше атау керек, яғни осы күнде әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарының педагогикалық тәжірибесінде кеңінен пайдаланылып жатқан, бірнеше мәрте қайта шығарылып, өзіне деген сұранысты әбден растаған кітап болуы қажет.  

 - Сонымен, тізім қашан дайын болады?

- Бір жағынан уақыт тығыз, ширақ қимылдау керек-ақ. Екінші жағынан, тез арада тізімді жасап берсек, ертеңгі күні «неге талқылау болмады, пікірлер неге ескерілмеді?» деген сауалдар туындайтыны анық. Біздің бір жиналысымыз Алматыда өтті. Оған ғалымдар мен оқу орындарының басшылары қатысты, тағы бір жиын Астанада ұйымдастырылды. Өңірлердегі оқу орындарына ұсыныстар алу үшін хат жолданды. Оқулықтарды 2018-2019 оқу жылының басына дейін дайындау міндеті тұр, сол тапсырманы орындауға барымызды саламыз. Алдымен тізімін анықтайық, пікірлердің барлығы ескерілетіндей оны айқындау процесін реттеп алайық. Екіншіден, кітаптардың авторларымен келіссөз жүргізу керек болады. Өйткені әрқайсысының артында не университет, не баспахана немесе жеке автор тұр. Оқулық бізге ұнады деп бірден аудара беруге болмайды. Осы бағытта тиісті келіссөздер жүргізіліп, рұқсат алу мәселесі  шешілген соң, аудармаға кірісу қажет.    

- Өзіңіз білесіз, сапалы аударма төңірегінде де сын мен пікірлер бар ғой?

- Иә, сапалы аударма - бұл бөлек бір үлкен шаруа. Оқулық аудармасы аясында ғылыми терминология мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет болады. Қазақ тіліне келе қоймаған, қолданысы қалыптаспаған  ұғымдар көп. Сала-сала бойынша мұқият қарап, ойлануға тура келеді. Аударманың жүйелі логистикасын құру қажет деп ойлаймын, процестердің барлығын ретке келтіріп, аударманың әр кезеңіне жауапты мамандар дұрыс іріктелсе, дұрыс нәтиже де болады деп сенемін.

Жалпы алғанда, осы жоба аясында тілге қатысты біраз мәселеге жаңаша қарап, сөзжасам, терминалогия, кірме сөздерді қабылдау ережелерін де реттеу қажет. Тілді қазіргі заманға лайықтауға байланысты сұрақтар өте көп. Солардың барлығын жинақтап,  ұсыныстарды дайындайтын бір орталықтың болғанын бұрыннан ойлап жүрген едік. Осы орайда, Ұлттық аударма бюросы тек аудармамен шектелмей, тіл модернизациясына қатысты ұсыныстар даярлайтын орталық болса деп ойлаймын. Соның ішінде өзіміз көптен айналысып жүрген ғаламдық электронды жүйелерге қазақ тілін енгізуге мән берген абзал. Қазақ тілін қолданбайтын Microsoft-тың сервистері көп, ал олардың қай қайсысы да тіл қолданысын жетілдіретін немесе тежейтін құрал. Мәселен, әлі күнге дейін қазақша мәтіндерді сканерден өткізуге арналған сапалы жұмыс істейтін бағдарлама жоқ. Ондай бағдарлама болмағаннан кейін, кітаптарды электронды нұсқаға аударуға қиналамыз. Ол өз кезегінде мұрағат ісін, кітапханаға ісін тежейді. Сондықтан аталған алпауыт компаниялармен байланысқа түсіп, келіссөздер жүргізіп, қазақ тілінің ерекшеліктерін түсіндіріп, соңғы буынды технологияларға бағдарламаларды лайықтау тіл үшін өте маңызды. Бүгінде біз кеңінен пайдаланып жүрген Apple компаниясының смартфондарында да қазақ тілі әлі күнге дейін жоқ. Бірақ, ол компаниялар бұл мәселеге бас ауыртпайды, ауыртуға міндетті де емес, ол біздің міндетіміз. 

Мәселен, біз соңғы 3-4 жыл Google аудармашы жүйесіне қазақ тілін енгізумен айналасып жүрміз. Мәтінді мәтінге аудару жүйесін жасап енгіздік, ал кейбір ілгері дамыған тілдер қазір мәтін емес, дауысты аударуға көшіп кетті. Ол үшін қазақ тіліндегі дыбысты, сөзді танитын жүйелер дамуы керек. Осының барлығын реттеп, жүйелеп, бағыттарды анықтап, олардың иелерімен байланысқа шығып, жұмыстарды осы Ұлттық бюро қамтыса, жақсы болар еді.

- Алдағы уақытта латын әліпбиіне көшу мақсаты қойылып отыр. Бұл тұрғыда сіздердің жұмыстарыңыз жеңілдей ме?

- Әлдеқайда жеңілдейді. Сондықтан да осы шешімге өте қатты қуандым. Көптен бері күтіп жүрген жаңалық еді. Тәуелсіздік алғаннан бері талқыланып жүрген тақырып қой, бірақ кейінге шегеріліп келді. Бұл әбден пісіп жетілген мәселе. Менің ойымша, ендігі талқы «осы керек пе, әлде керек емес пе» деген сұрақтар емес, «қалай жасаймыз» деген бағыт алуы қажет. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарындағы кейбір пікірлерге қарасақ, біз әлі күнге дейін «қажет, қажет емес, не ұтамыз» деген әңгіменің төңірегінде жүрген сияқтымыз. Шешім қабылданды, енді оны дұрыс іске асыруға ден қойған абзал.   

Ал енді қалай көшеміз дегенге келсек, мына жұмыс үстелімде жатқан пернетақтада классикалық латын графикасындағы 26 әріп пен апостроф белгісі бар, осының аясынан шықпағанды дұрыс деп санаймын. Оны жасауға болады. Мамандар бұл графиканың фонетикасын да, басқа да қырларын реттей алады. Осы қисында өтсек, тілге қатысты барлық технологиялық озық шешімдер қазақ тіліне де қызмет ете бастайды. Оған ешқандай қосымша шығын қажет болмай қалады.

Бір қарапайым мысал айтайын, қаладағы жарнамаға назар аударсаңыздар, қазақ тілінде жазылған мәтін әрқашан қораш көрінеді. Өйткені мәтінді әдемі теру үшін шрифтер жоқ. Ол шрифтерді жасау өте қымбат, оны түсінетін білікті мамандар керек. Ең көп дайын шрифт латын әліпбиінде. Сондықтан дизайнерлерге, графиктерге, баспагерлерге, интернетпен жұмыс істейтін мамандарға жұмыс жеңілдейді.

-      Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар