Қазақ радиосының қан тамыры болып келген «Алтын қорымыздың» дербестігін сақтауымыз қажет- Алтын Иманбаева

None
None
АТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Қазақтың ән мен күй өнеріндегі «алтын дауыстарды» сақтауда Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің орны ерекше. Мұнда қазір 111 мыңнан астам құнды фонограммалар сақтаулы тұр. Баға жетпес байлық Қазақ радиосы қызметкерлерінің елеулі еңбегінің арқасында молайып, толығу үстінде.

Біз осы игілікті іске зор үлес қосып жүрген жандардың бірі - кезінде Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің басшысы болған, әнші, саналы ғұмырын ұлттық мәдениетті насихаттауға арнап келе жатқан белгілі журналист, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаевамен жолығып, сұхбаттастық. Өзінің айтуынша, Алтын қордағы жинақталған хабарларға көркемдік кеңес құрылып, 2009 жылдан бері қор 1500-дей музыкалық-танымдық тағылымды хабарлармен толықтырылған.

- Алтын Зейнел-Ғабиқызы, біраз уақыт Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің басшысы болғаныңызды білеміз. Қордың тыныс-тіршілігі жайында Сізден жақсы білетіндер аз шығар... Қазіргі уақытта қордың жәй-күйі, сақталу жағдайы қалай, нендей жаңалықтар бар? Онда қай жылдан бергі таспалар сақтаулы?

- Дауыстар музейі саналатын Қазақ радиосының «Алтын қорында», негізінен, 1948 жылдан бері жинақталған материалдар бар. Өте сапалы жазылған, тыңдасаң кеше ғана жазғандай, тап-таза. Қазіргі кезде мұнда 111 мыңнан астам шығарма мен жеке хабарлар сандық тәсілмен /оцифровкаға/ СD-дискілерге түсуде. Бүгінде 30 мыңнан астамы дайын. Осылайша біз «Алтын қордағы» фономатериалдарды сандық жүйеге түсіруді одан әрі жалғастырып жатырмыз.

- Музыкалық редакторлар үшін сандық жүйенің артықшылығы неде?

-Компьютерге түскен фономатериалдар музыка редакторлары үшін, жалпы журналист үшін өте қолайлы. Олар каталог арқылы музыканы тікелей редакцияда немесе студияда отырып-ақ тыңдап, таңдай алады. Бұл музыкалық редакторлардың жұмысын біршама жеңілдетеді. Каталогқа түскен дүниелерді ашып тыңдау арқылы редактор керек музыкасын сандық тәсілге көшірілген жүйеден өзіне ала алады.

- Сандық жүйеге көшірілгеннен кейін бұл таспалардың - алтын дауыстардың тағдыры не болмақ?

- Жалпы, Алтын қорда атқарылмай жатқан жұмыстар көп. Қазір қорда катологпен жұмыс істеп жатырмын. Жақында бізге жаңа рататор деген техника келді. Соған байланысты қазір таспаларды реттеп, көшіріп жатырмыз. 2009 жылдан бері алтын қордағы жинақталған хабарларға көркемдік кеңес құрылып, 1500-дей хабарды тыңдадық. Ол жазбалардан біз сирек кездестіретін дауыстар мен қорда жоқ дүниелерді тауып, әуе толқынына ұсынудамыз. Негізі, сандық тәсілге көшірілгеннен кейін барлық фономатериалдар қорда сақталады. Алдағы уақытта сақталу температурасы мен ылғалдылығына көбірек көңіл бөлуіміз қажет.

- Біздің біліуімізше, 20 жылдан астам уақытыңызды Қазақ радиосына арнапсыз, әр жылдардағы радионың өмір-тынысын жақсы білесіз. Қазіргі таңдағы Қазақ радиосының бет-алысы көңіліңізден шығады ма? "Әттеген-ай" деген тұстары бар ма?

- 90 жылдық тарихы бар Қазақ радиосына саналы ғұмырымның 20 жылын арнаған мен үшін бұл ұжымның жетістігі әркез қуантса, «әттеген-ай» деген тұстары қатты қынжылтады. Әуе толқынына берілетін әндер көбіне «Той бизнестің» әншілерінің әндері. Бағдарламалық түрлендіру, ізденіс жоқ болып барады. Біз дәл қазір тыңдаушыны жалықтырып алдық. Ертеректе, біз бөліп-бөліп, туысқан елдердің әндерін, достық немесе Орта Азия әуендері деген сияқты бөліп беретінбіз. Қазақ радиосын түрлендіріп, Шалқар радиосын осылайша таза қазақша сөйлейтін радио қылып қалдыруымыз керек. Эстрада әншілерін бере бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Қазір қордағы әуендер бұрынғыдай көп пайдаланылмайды. Атап өтерлігім, еш радиода біздегі сияқты байлық жоқ. Біз сондықтан Алтын қордағы бар материалдарды қолдана білуіміз керек, жақсы дүниелерді қазып шығаруымыз қажет. Қазір оның еш қажеті болмай бара жатқандай....

Бүгінде одан да қынжылтатын үлкен мәселе бар. Анығырақ айтсақ, 1948 жылдан өз дербестігін сақтап тұрған «Алтын қор» бөлімі жабылып қалды. Қазіргі уақытта «Алтын қор» бөлімі жоқ, бұл қор - фонотека деп қана аталады. Бұрынғы дербес «Алтын қор» бөлімі Қазақ радиосы бағдарламалармен қамтамасыз ету бөлімінің «Алтын қор» фонотекасы деген қосымша тарамына айналды. Қазір бұл қор иесіз қалды деп айтуға болады. Меніңше, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған асыл қазынасы, баға жетпес құнды дүниелері, зиялы қауымының тірнектеп жинаған асыл мұрасын басшылықтың иесіз қалдыруы үлкен қателік. Мемлекеттік мұрағат қалай өз дербестігін сақтаса, біз де Қазақ радиосының қан тамыры болып келген «Алтын қорымыздың» дербестігін сақтауымыз қажет. 90 жылдық тарихы бар Қазақ радиосы Қазақстан халқына қызмет етіп тұрғанда «Алтын қор» бөлімі тұрақты жұмыс істеуі керек. Алтын қорды түп орнымен құрытқанша, бұл бөлімді ғылыми-зерттеу лабораториясына айналдырып, қордағы зерттелмей жатқан құнды қазынаны жарыққа шығаруға атсалысуымыз қажет. Электронды тәсілмен көшірілетін фономатериалдарды сапалы да, сауатты көшіру үшін қызметкердің біразын қысқартып жібергенше, кемінде 8-10 адамды осыларды оцифровка жасауға, яғни сандық тәсілге көшіруге жанталасуымыз керек еді. Өйткені қордағы фономатериалдар ылғалдылығы мен температурасы сақталмағандықтан істен шыққалы тұр, сытырлап кеуіп, ішкі жағылған магниттік сапасы істен шығып, үгіліп төгіліп жатыр. Сөрелер алюминийден жасалған, пленка қоятын орын картоннан жасалған. Еш талапқа сай емес. Негізі фономатериалдардың бәрі нефферомагниттік стилаждар мен шкафтарда температурасы +16 - +18 градуста, ылғалдығы 50 пайызда сақталуы керек. Осылардың бәрі сақталмағаннан кейін ленталар кеуіп жатыр. Өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Осы мәселені айтып, басшылар тарапынан да, өкімет тарапынан да қолдау таба алмай отырмын. 90 жылдық тарихы бар Қазақ радиосы Қазақстан халқына қызмет етіп тұрғанда «Алтын қор» бөлімі тұрақты жұмыс істеп, қымбат қазынамызды көздің қарашығындай сақтауға аянбай еңбек ету қажет. Қазақ радиосы тұрғанда халқымыздың қан тамырындай «Алтын қор» бөлімі мемлекет тарапынан заңдылықпен қорғалуы қажет, әрдайым дербестігін сақтау керек деп санаймын. Қазақ радиосы екінші жанұям болғандықтан, "Алтын дауыстар мұражайының" бүгінгі халін көре отырғандықтан, 1948 жылдан бері сақталынып келе жатқан таспалар құрып бара жатқанда бұған көз жұма қарай алмаймын. Сондықтан бүгінде Алтын қордағы мәселе мені қатты қынжылтады. Бұлай құртпай, ғылыми зерттеу лабараториясы ретінде кеңейту керек деп санаймын. Бұл жерде зерттейтін дүниелер көп, пәленбай ғылым кандидатын, докторларын шығаратын құнды материалдар, қорлар бар.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасында видеотек бөлімі өз дербестігін сақтап, еш өзгеріссіз жұмысын атқарып отыр. Сол себептен басшылар қауымы жіберілген қателікті дер кезінде жөндегені абзал болар еді. Қымбат қазынамызды көздің қарашығындай сақтауға аянбай еңбек ету - радио қызметкерлерінің асыл борышы деп білемін. Халықтың бағалы байлығы әрдайым қамқорлықта болады деген сенімдемін.

- Ал жалпы, журналистика саласында жүргеніңізге қанша жыл болды? Әншіліктен жазу-сызуға ауысуыңыздың не себеп болды?

- Журналистика саласында жүргеніме 33 жыл, соның ішінде радиода қызмет жасап жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Мен әншілікті дамытпасам, қол үзіп қалған жоқпын. Дегенмен, көп уақытым журналистикаға арналды. Негізінен, бала кезімнен әнші болуды армандадым. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі жазушы, 17 жинақтың авторы, әкем Зейнел-Ғаби Иманбаев әнді, өнерді өте құрмет тұтатын, өзі де домбырамен баяулатып Естайдың «Қорланы» мен «Жайқоңырын», Мәдидің «Қарқаралысын» жап-жақсы орындайтын. Әкем әу деп домбыра ұстағанымнан бастап мені өнерге тәрбиелеп, сол кездің өзінде «Жүсіпбек Елебековтың шәкірті болады» деп мақтанатын, ал үйге қонақ келсе ән салдыратын. Отбасындағы тәрбие мені ән салуға икемдеді әрі анам Кәмеш Байқасқызы әнші адам. Сексеннің сеңгірінен шықса да Әсеттің «Інжу-маржан», Ақансерінің «Қараторғай» деген әндерін әлі күнге әдемі орындайды. Бесікте жатқандағы ана әлдиімен бойға дарыған әншілік менің өмірге деген құштарлығымды арттырады.

Мектепте бітірген соң мен Республикалық эстрада және цирк студиясына, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың класына оқуға түстім. Әкем айтқандай, Жүсіпбек Елебековтың шәкірті атанып, алдынан дәріс алдым. 1000 баланың ішінен, 7-8 байқаудан өтіп оқуға түстім. Менің алдымда екінші курста 5 студент оқиды екен, сол жылы бір мені ғана Жүсекеңнің класына қабылдады. Біз оқып жүргенде ұстазымыз қайтыс болды. Сол бір қайғылы кезде ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожекеев ағамыз бір тойда біздің әнімізді естіп, құрбым Гүлмайдан Сүндетова екеумізді журналистика факультетіне оқуға шақырды. Ол кісі кейіннен мен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында еңбек етіп жүргенімде арнайы ауылда жатқан әкеме хабарласып, «қызыңызды бізге оқуға жіберіңіз, талабы бар» деп ерекше өтініп, рұқсатын алған еді. Білімге құштар мен Темірбек ағамыздың ақылымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түстім. Бағыт-бағдар беріп, журналистика саласына баулып, әкемдей қамқор болған Темірбек Қожекеевтің жетекшілігімен журналистика факультетін ойдағыдай бітіріп, «Мектеп» баспасына қызметке орналастым. Екі-үш жылдан соң Республикалық саз-аспаптар мұражайына ғылыми қызметкер ретінде қызметке шақырылдым. Одан кейінгі жылдары Қазақ радиосында қызмет жасап келемін. Қазақ радиосында өткен 20 жылым журналистика саласының қыр-сырын толық меңгерген кезеңдерім десем артық айтпағаным. Қазақ радиосы - менің өмір мектебім десем де болады. Бұл жерден мен көп тәжірибе жинақтадым, халық мұрасының кәусарына қанықтым.

- 20 жыл ішінде қанша хабар жасадыңыз? Ойыңызда, көңіліңізде жүрген барлық өнер адамдарын қамтыдым деп ойлайсыз ба?

- 20 жыл ішінде тынбай еңбек етудің арқасында сахна шеберлерінің өнері мен өмірі жайлы 1000-ға жуық әдеби-музыкалық хабарды әуе толқынына әзірлеп, «Алтын қорға» өткіздім. Көп жыл бойы музыкалық редакцияда концерттік топта қызмет еттім. Иә, ойлап отырсам, ойымда жүрген өнер адамдары мен халық таланттары жайлы ондаған хабар жасаппын. Арнайы хабар әзірлеу үшін, облыс орталықтарына барып, тұнба дарын иелеріне жолығып, олар туралы жазып, үш күндік сапар барысында 15 хабарға жететін материал жинап келген кездерім болды. Ауыл өнерпаздарының үні, өнері - "Алтын қорда " сақталуы керек. Өйткені Қазақ радиосы халықтың мүддесін қорғайды, алтынымызды жарқыратып көрсету- біздің міндетіміз.

- Сізді Қазақ радиосының әуе толқынындағы «Сағыныш сазы», «Өнерім-өмірім», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты хабарлардың авторы ретінде білеміз. Қазақстандық әншілерді, композиторлар мен халық әндерін орындаушыларды насихаттап келе жатқаныңыз тыңдаушыға аян. Сіздің ойыңызша, бүгінде осы тақырыпта жасалатын радиодағы хабарларда қандай дүниелер қамтылмай қалуда? Қазір хабар жүргізбейтін сияқтысыз?

- Радионың әдеби-сазды Бас редакциясында "Інжу-маржан", "Ән аманат», «Наридірген» сынды көптеген жақсы хабарлар әзірленеді. Қамтылмай жатқаны - Қазақстан композиторларының өмірі мен өнері, мұндай хабарлар жоқтың қасы, сонымен қатар классикалық музыканы зерттейтін жақсы хабарлар жоқ. Осы тұстар қолға алынса жақсы болар еді....

Мен екі ай бұрын хабарларымды тоқтаттым. Өйткені «Алтын қордағы» науқандық шаруа көбейіп кетті. Хабар жасауға көбірек уақыт кететіндіктен негізгі жұмысқа көштім.

Биылғы жылы Қазақ радиосына - 90 жыл толады. Осы уақытқа дейін біз Қазақ радиосының тарихын тым аз жазыппыз, тек мерейтойларда кітап шығарумен шектеліп жүрдік. Бір ғасырдай ғұмыры бар радио тарихында қаншама журналистер мен дикторлардың, режиссерлардың, әр жылдары қызмет еткен басшылардың аттары аталмай жатыр. Оны зерттеу үшін уақыт та, күш те керек. Осыған орай өмірден өткен ардагерлер жайлы естелік, қазіргі ардагерлер жайлы арнайы хабар ұйымдастыруды ұсынып отырмын. Біз осы хабарларды ұйымдастыру арқылы Қазақ радиосының тарихын жазып шығатынымыз сөзсіз.

- Соңғы кезде шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

- Өткен жылы дүниеден озған халық композиторлары мен қазіргі уақытта сахнада жүрген өнер иелері, жалпы саны 90-нан астам сахна саңлағы жайында жазылған деректі прозаны Қазақ радиосының 90 жылдығына арнап баспаға өткіздім, 300 беттен тұратын бұл кітабым "Ғажайып нәзік дүние" деп аталады. Өзімнің кітабыммен қоса, әкемнің "Қос қайың" атты повестер мен әңгімелерден тұратын кітабын баспаға өткіздім. Жуырда көңілдің кейбір кездерінде жазылған «Нәзік сәуле төгілер жүрегімнен» деген жыр жинағымды бітірдім. Сонымен қатар әйел тақырыбына арналған "Жұмбақ дүние" деп аталатын прозалық жинағымды жазу үстіндемін.

Мен өмірімде бірінші бағытым - журналистика саласынан нәтиже шығардым деп ойлаймын. Алдағы уақытта бала күннен арман еткен әншілік өнерімді жалғастырып, ел ішінде лекция-концерттермен өнерімді көрсеткім келеді. Оған бірнеше сахналық көйлекті тіккізіп қойдым, түрлі түсті афиша, шақыру билеттері дайын тұр. Биылғы жылы бірнеше концерт беруді жоспарлап отырмын, нақтырақ айтқанда, туған жерімнің әкімшілігінің қолдауымен және достарымның көмегімен көктемде Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Семей қалаларына баруды жоспарлап қойдым. Концерт берумен қатар, «Алтын қорда» сақталған 90 -нан аса әндерімді жинақтап, СD, DVD нұсқада альбом шығаруды жоспарлап отырмын. Оны бірнеше беттік етіп шығарып, оған телевидениеде түскен концерттер мен радиодағы өзім жайлы хабарларымды қоссам деймін.

- Жақында алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағыңыз құтты болсын! Бұл марапат Сіз үшін несімен құнды?

- Маған берілген бұл марапатты ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі деп білемін. Жетістік талмас талап, қажымас қайраттың арқасында ғана келетіні сөзсіз. Кезінде бұндай атақты халық әртістері, мемлекет қайраткерлері алатын. Адам өмір бойы ізденудің нәтижесінде ғана үлкен асуларды бағындырады. Оған қоса ерен еңбек, қажырлылық қажет. Әкем де сондай еңбекқор адам еді, мен сол кісінің тәрбиесінен жақсы қасиеттерді бойыма дарыттым. Алдағы уақытта ел сенімін ақтап, халқыма мінсіз қызмет еткім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар