Қазақ күресін Олимпиада ойындарына қосуға бір ұрпақтың күші жетпейді - Шораев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше күн бұрын қазақтың ұлттық күресі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Мұндай шешімді Эфиопияда Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет қабылдады. Қазақ күресін әлемге мойындату үшін көп жұмыс атқарған азаматтардың бірі - «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев. ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен ол қазақ күресін ЮНЕСКО тізіміне қосып, халықаралық федерация ашу үшін өзге де азаматтардың тыным көрмей жұмыс істегенін айтып берді.

- Арман Төлегенұлы, бұл сүйінші жаңалықты естіп, біз де қуанып жатырмыз. Жалпы, жүйелі жұмыстан тек осындай нәтиже күткен шығарсыздар?

- Осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан барысы» қоры мен республикалық қазақ күресі федерациясы осы жұмысты қолға алған едік. Яғни, өте  сапалы видео-презентациямызды қосып, өтініш бердік. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-мен келіссөз жүргізу үшін бүкіл терминді ағылшын тіліне аудардық. Бұл - нағыз көздің майын тауысатын, тер төккізген жұмыс еді. Сондықтан, қолға алған бастама тек осындай нәтиже береді деп қатты үміттенген болатынбыз. Бұл ретте, менің жақтасым, қанаттасым, әріптесім, «Қазақ күресі» республикалық федерациясының бас хатшысы Сәрсен Құранбекұлының зор еңбегін айта кетуім керек. Сәрсен Құранбектің талабы, тәжірибесі, білімі болмағанда, біздің команда осындай қуанышқа қол жеткізе алмайтын еді. Бүкіл еңбек менікі деп ойлаймасын, себебі, өте қарапайым әрі өте еңбекқор сондай батырын халық тануы керек.

-Қазақ күресінің ЮНЕСКО тізіміне енуі бұл спорттың ендігі «тағдырына» қалай әсер етеді?

- Әрине, қазақ күресінің халықаралық деңгейде мойындалып, халықаралық мәртебеге шығуы - алғашқы үлкен қадам. Енді, өзге елдерде қазақ күресі федерациясын ашу үшін сол елдердің  ресми органдарына оңай хабарласа аламыз. Тіпті, қажет болған жағдайда, өзге елдердің бюджетінен қазақ күресіне қаржы бөлінуін сұрай аламыз. Қазір оншақты елде федерациямыздың филиалын ашқанбыз. ЮНЕСКО тізіміне енгеннен кейін де осы жұмыстарды жалғастырмақпыз. Жуық арада халықаралық күрес федерациясының құрылғанын ресми жариялап, салмақты адамдарды басшылыққа сайлаймыз.

 -Арман Төлегенұлы, ертеректе қазақ күресін Олимпиада ойындарынақосу туралы да ұсыныс айтылған еді...

- Бұл ұсынысты мен емес, шенеуніктер айтқан болатын. Әрине, қазақ күресі Олимпиада ойындарына қосыла қойса, төбем көкке жетер еді,  бірақ мен қиялға емес, мүмкіндіктерімізге қарап айтамын: қазақ күресі Олимпиада ойындарына қосылу үшін бір ұрпақтың еңбегі аз болады, кем дегенде 10-15 жыл уақыт керек. Егер қазақ күресі Олимпиада ойындарына 50-60 жылдан кейін қосылып жатса да, шүкір дейік. Себебі, халықаралық мәртебесі бар, әлем бойынша көп танылған орыстардың самбо өнері әлі Олимпиада ойындарының тізіміне енген жоқ. Бірақ, менің арманым жартылай орындалды деуге болады - қазақ күресі жапондардың сумо өнері сияқты көрермендер тарапынан зор қолдауға ие болды. Олимпиада ойындарының қатарына кірмей-ақ қойсын, бірақ қазақ күресінің мәртебесі мен рейтингісі одан кем емес. Тіпті, Олимпиададан гөрі, халықтың қолдауы мен сұранысы маңыздырақ шығар, себебі, қазақ күресі ұлттық болмысымызды ашып, жапондардың делебесін қоздыратын сумо сияқты, қазақ күресі де біздің батырларының рухын оятатын дәрежеге жетті.

-Қазір Қазақстан бойынша қазақ күресіне назары ауып, жүйелі жаттығып жүрген адамдардың саны қанша?

- Мәдениет және спорт министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 120  мың адам қазақ күресіне ден қойған екен. Көбісі, менің ойымша, балалар мен жасөспірімдер. Қазір республика бойынша қазақ күресі бойынша секциялар ашылып, жаттықтырушылардың саны да күрт көбейді.

-Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Соңғы жаңалықтар