Қазақ ғалымының жаңалығы жапондықтарды таңқалдырды

None
None
ТОКИО. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары аясында екі елдің Үкіметтері мен жеке сектордың экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының алтыншы отырысы өткен болатын.

Осы отырыстың «Жаңа бағыттар» деп аталған 1-ші секциясында Жаңашыл зияткерлік технологиялар академиясының директоры Нұралы Құдайбергенұлы «Жасанды интеллект тілдерін жасау әдістемесі» атты баяндама жасап, жапондықтарды таңқалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі.

Мицубиси корпорациясының бас менеджерінің орынбасары Х.Саитоның модераторлығымен болған бұл жиында «Токио Сейко», «Марубени корпорейшн», «Applause» сынды жапондық жетекші компаниялардың өкілдері сөз сөйлеп, жаһандық жаңа технологиялардағы озық трендтер жайында пікір білдірді. Ал қазақстандық ғалым Нұралы Құдайбергенұлы жапон елінің 1982-1992 жылдарда 54 млрд иен (шамамен 500 мың АҚШ доллары) жұмсалған компьютердің 5-ші буыны  мен жасанды интеллект тұғырнамасын жасау жобасының сәтсіз аяқталу себептеріне тоқталды. Бүгінде Жапон елінің инвестициясы көмегімен бірлесе отырып, жасанды интеллект (робот) тілдерін жасау мүмкіндігінің дәлелді жобасымен таныстырды.

«Жасанды интеллект (робот) тілдерін жасау компьютерлік ақпараттық бағдарламасын әзірлеу әдістемем - адамзаттың ойшылдары Аристотель, әл-Фараби, Кант, Гегель, Маркс және Джон МакКарти, П.Кузнецов, Б.Қойшыбаев, О.Мухин сынды ғалымдардың тарихи жетістігін пайдалана отырып, философия және информатика қиылысындағы зеррттеулердің жемісі болып табылатын жаңалық», - деді ол отырыстан кейін ҚазАқпарат агенттігі тілшісіне.

Сұхбат барысында ғалым өз бағдарламасының  негізгі жаңалықтарына да тоқталды.

«Компьютерлік кодтау тілін білетіндер саны жер бетінде 100 мың адамнан аспаса, ақпараттық бағдарлама мамандарының саны 50 млн. адамға жуықтайды. Ал біз ашқан компьютерлік жобалау тілінде 0,5 млрд адам ақпараттық бағдарламашыларға тәуелді болмай еркін жұмыс істей алатын болады және экономист-робот, заңгер-робот сынды жасанды интеллект иелері өмірге келеді», - деді ол.

Мәселен, Нұралы Құдайбергенұлының айтуынша, кез келген құқықтық құжат дайындау қажет болған жағдайда заңгер-робот көмегіне жүгініп, арнайы тапсырмаларды жүктеп, бұйрық бересіз. Ол аз уақыттың ішінде қажетті ақпараттарды сараптап, кәсіби тұрғыда өзіңізге қажетті құжатты санауы минуттардың ішінде толыққанды дайындап береді.

«Бұл комиссия отырысына қатысудағы басты мақсатым - осы жобамды жапондық әлеуетті инвесторларға таныстырып, мүмкін болған жағдайда инвестиция тарту арқылы оны жүзеге асыру. Өйткені, бұл жобаны жүзеге асыруға қомақты қаражат қажет. Жалпы, жапондық іскерлік орта тарапынан жобаға зор қызығушылық бар екендігін байқадым», - деген ол өзі  ашқан ғылыми жаңалық негізінде «Зияткелік мектеп», «Цифрлы университет» жүйелерінің жасалғандығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар