Қазақ астығын Малайзияға экспорттау тиімсіз - Сарекенов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ астығын Малайзияға экспорттау тиімсіз. Бұл туралы бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Данияр Сарекенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Малайзияға астық қажет. Астық тұтыну, бидайдан жасалған өнімдерді тұтыну көлемі артып келе жатыр. Малайзияға астықты негізінен АҚШ пен Австралия елдері жеткізеді. Біз қазақстандық астықты Малайзияға экспорттау мәселесін қарастырып көрдік. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл көлік шығындарының жоғары болуына байланысты экономикалық тұрғыда тиімсіз. Біздің есептеуімізше, Малайзияға Қазақстаннан жеткізілген астық құны Австралия астығынан 150 долларға жоғары болады. Бұл өте қымбат», - деді Сарекенов.
Елшінің атап өтуінше, Қазақстан мен Малайзия арасындағы өзара сауда-саттық өткен жылы 80 млн. доллардан асып жығылған. Елімізден Малайзияға негізінен мұнай-газ саласына қатысты материалдар экспортталады.

«Екі елдің арасындағы сауда-саттықтың дамуына Малайзияның шалғайда орналасуы мен көлік шығындарының жоғарылығы тежеуші фактор болып отыр. Дегенмен, келешегі бар. Бірақ жұмыс істеу қажет. Әсіресе Ляньюньган бағытындағы жұмыстарды дамыту керек. Бұл бағыттағы бағдар дамитын болса екіжақты тауар айналымының көлемі еселене түсетіндігіне сенімдімін. Өйткені, малайзиялық бизнесмендердің, көліктік-логистикалық компаниялардың тарапынан қызығушылық бар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар