Қазақ анимациясына 50 жыл: Қазпошта арнайы марка, Ұлттық Банк монета шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ анимациясына 50 жыл толуына орай Қазпошта арнайы пошталық марка, ал Ұлттық Банк номиналы 500 теңгелік «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазақфильм» АҚ-ның хабарлауынша, 50 жыл бұрын Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының түлегі, жас суретші Әмен Қайдаров көрермен назарына өзінің дипломдық жұмысы - «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмін ұсынған.

«Сол кездері ол қазақ кино өнерінің тың саласы - қазақ анимациясының негізін қалағанын білмеген де шығар. Алайда, содан бері бұл жанр көптеген белестерді бағындырып, қиындықтарды бастан кешірді. Сондықтан да, қазақ кинематографиясының өркендеуіне үлкен үлес қосқан хас шеберлердің құрметіне осындай іс-шаралар көптеп өткізілуі тиіс»,- деді «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.

Қазпошта шығарған марканың өлшемі 140х80 мм, номиналы - 100 теңге. Таралымы - 6000 дана. Аталған марканы поштаның барлық бөлімдерінен, сонымен қатар «Қазпошта» АҚ сайтынан сатып алуға болады.

Пошта маркасымен бірге, ҚР Ұлттық Банкі номиналы 500 теңгелік «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды.

Кинокадр ретінде жасалған монеталар 925 сынамалы күмістен жасалған. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасы» және орыс тілінде «Республика Казахстан» деген жазба бар. Төменгі бөлігінде монета дайындалған металды, оның сынамасы және салмағынбілдіретін «Ag 925 24 g.» деген жазба және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бейнеленген. Сол жағында монетаның жиегінде анимациялық фильмнің экранға шығу жылы - «1967», оң жағында монета соғылған жыл - «2017» орналастырылған. Монетаның екінші жағында анимациялық фильмнің түрлі-түсті кадры орналасқан.

Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті. ҚР-ның барлық банктерінде шектеусіз ұсақталып, айырбасталады. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.

Еске сала кетсек, Әмен Қайдаровтың мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегі желісі бойынша жасалған. Бұл мультфильм ең алғаш 1967 жылы Мәскеуде көрсетілді.  Балдырған ұл-қыздарымызды адалдық пен мейірімділікке тәрбиелеген көркем шығарма әлемнің 48 елдерінде көрсетіліп, көптеген халықаралық фестивальдерде жүлделі орындардан көрінген. Дарынды суреткер Әмен Қайдаровтың сондай-ақ «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Күн сәулелі қоян», «Қырық өтірік» сынды басқа да туындылардың авторы. 

null null 

 

Соңғы жаңалықтар