Қазақ әдебиеті дүние жүзіндегі озық мәдениеттің қатарында, бірақ оны әлі әлем танымайды - Танагөз Толқынқызы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлемге таныту мәселесін көтерді. Осы орайда, өз еңбегімен қазақ өнері мен әдебиетін әлем халқына қал қадарынша таныстырып, аянбай еңбек етіп жүрген жандар бар. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері - ақын Танагөз Толқынқызы қазақ поэзиясын француз тіліне аударып қана қоймай, испан тілінде де сөйлеуіне мұрындық болған адам. Көркем аударма тақырыбында «ҚазАқпарат» тілшісіне ақынның өзімен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Танагөз, қазақ оқырманы сізді лирикалық өлеңдеріңіз арқылы ақын ретінде әрі қазақ тілінен тікелей француз тіліне тәржімә жасайтын аудармашы ретінде жақсы таниды. Бүгінгі әдебиетшілер алдында қазақ прозасы мен поэзиясын әлем жұртына таныстыру міндеті қойылды. Сіз бұл салада өзіңіз бастамашы болып, бірқатар істерге мұрындық болдыңыз. Қазақ әдебиетін қазіргі заманда өзге тілде сөйлету қаншалықты қиын жұмыс?      

- Бізде мәдениет дегенде тек музыка мен сурет өнерінің ғана насихатталып, шетелге шығу мүмкіндігі бар. Өйткені, оларға аудармашы қажет емес. Ал әдебиетіміз шетелде насихатталып жатыр деп айта алмаймын. Жекелеген авторлар өздері жолын тауып, кітаптарын аудартып, шығарғандары боламаса, жаппай әдебиетіміз шет тіліне аударылып жатқан жоқ. Мен өз идеяммен бүгінгі заманғы қазақ әдебиетін шет тіліне аударуды үлкен жоба ретінде жасап, бірнеше жыл демеуші іздедім. Тек 2016 жылы қазақ ақындарының антологиясы тұңғыш рет испан тіліне аударылып, кітап  Испанияның астанасы Мадрид қаласында басылып шықты. Кітаптың әдеби аудармасын  Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы Хусто Хорке Падрон жасады. Антологияны ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы  екеуміз құрастырдық.

Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев біздің жобаға қолдау көрсетіп, кітаптың жарыққа шығуына тікелей себепкер болды. Сол үшін ол кісіге алғыс айтамыз. Қазақ ақындарының испан тілінде шыққан антологиясына Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгереева, Жанат Әскербекпен қатар Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Әнуар Бимағамбет сияқты жас ақындар да енген.

- Иә, Испанияға барып, қазақ ақындары өз өлеңдерін оқығаны туралы естіген болатынбыз. Испаниялықтар қалай қабылдады?  

- Испанияның Мадрид қаласында Каса де Лектор жазушылар сарайында өтетін  тұсаукесер рәсімінде антологияға енген Оңайгүл Тұржанова, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқажыұлы, Сағыныш Намазшамова, Жанар Әбсадық, Анар Шамшадинова, Бақытгүл Бабаш, Жанар Айлашева  өлеңдерін  қазақ және испан тілдерінде оқыды. Бұл оқиға расында да әдебиет саласында бір серпіліс жасады. Енді бүгінде мен қазіргі заманғы қазақ ақындарының ағылшын, түрік, әзербайжан тіліндегі нұсқасын жасадым. Тіпті антологияның жолма жол аудармасын да жасатып қойдым. Ал әзербайжан тілінде шығатын кітаптың әдеби аудармасын да жасаттым. Антологияның елу пайыз жұмысы бітіп тұр. Тек оны жарыққа шығарып, сол елде және Қазақстанда тұсаукесер рәсімін ұйымдастыру мәселесі қаржыға келіп тұр. Демеуші табу өте қиын екен. Барлығының айтар уәжі - бұл мемлекеттік деңгейде қолға алынуы қажет. Және қаражат мемлекеттен бөлінуі керек дегенді айтады. Ал елшіліктерден көмек сұрасам, олар: «бюджетте қарастырылмағандықтан, көмек көрсете алмаймыз», - деп қысқа қайырады. Егер бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес, мемлекет қолға алса, әбден құба құп болар еді. Және дүниежүзілік поэзия фестивалінің кезекті шарасын Қазақстанда өткізу идеясын бұрыннан айтып келе жатырмыз. Осы мәселені жақында Ұлықбек Есдәулет ағамыз да әлеуметтік желіде көтерді. Бұл мәселені де қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Осындай ірі фестивальдардың арқасында әлем ақындары бір-бірімен танысады. Шығармашылығын оқуға ден қоя бастайды. Әріптестік қарым-қатынас орнайды. Болашақта ол әдебиетіміздің шет тіліне аударылуына алтын көпір болады. Мысалы мен Хусто Хорхе Падронмен осындай бір халықаралық фестивальде Түркияда таныстым. Алдымен мен оның «Тозақ шеңберлері» атты кітабын қазақшаға аудардым. Содан кейін ол қазақ ақындарының антологиясының әдеби аудармасын испан тіліне аударуға келісім берді. Қорытындысына әдебиет ортасы куәгер болды.

- Танагөз, қазіргі заман ақын, жазушыларын шет тілде сөйлету қажет деп айттыңыз. Мысалы үшін, қазіргі оқырман сұранысына сай келетін түрік жазушысы Орхан Памуктың шығармаларындай, әлем оқырманын елең еткізетіндей, қазақ әдебиетіне тың формалармен жазылған шығармалар шығып қалуы мүмкін бе?  

- Қазақ әдебиеті пен мәдениеті әлемдегі озық мәдениеттің қатарына жатады. Бірақ оны әлі әлем білмейді. Танымайды. Оған бірнеше себеп бар.  Біріншіден, бізде аударма институттары жоқ. Аударма мәдениеті бізде қалыптаспаған. Аудармамен бүгін жұмыстан шығып қалғандар айналысатын болған. Аударма туралы академиялық білімді айтпай-ақ қояйық, ол туралы мүлде түсінігі жоқ адамдар айналысқаннан кейін аударма сапасын елестетудің өзі қорқынышты. Мемлекет әдебиет пен мәдениетті дәріптеу ұлтты дәріптеудің үлкен формасы екеніне енді-енді ғана мән беріп, көңіл аудара бастады. Өйткені, адамзат экономика мен әлеуметтік сұраныстарды қанағаттандырудан ғана тұрмайды. Адамзаттың негізі - рух. 

Орхон Памуктың шығармаларындай тың, сұранысқа ие болған, заман ағымына ілесе алған, адамдардың ойындағысын дөп басқан жаңа шығармалар қазақ әдебиетіне керек. Бірақ ол қазақ әдебиеті жаппай сондай шығармалардан тұруы керек деген сөз емес. Қазақ әдебиетінің бәрібір ешкімге ұқсамайтын өзіндік бейнесі болады. Өзіндік менталитеті, түсінігі, танымы болады. Онысын ешқандай ұлт қайталай алмайды. Өйткені, олар қазақ емес. Солай бола тұра ол әлемге қызық болып қалатынына сенімім мол.  Біреудің не әлемдегі экономикалық үстемдікке ие болған халықтардың менталитетіне икемделіп, әлдекімге ұнау үшін жазу дегенді  қолдамаймын.

Ол күлкілі болар еді.  Бірақ қазақ болмысын жаңа форматта жеткізу мақсатында әдебиеттің өзгеше формаларын қолданып, тәжірибе жасау керек дегенмен келісуге болады. Қазақстан тарапынан кімдерді аудару керек, шетел шығармалары бойынша кімдерді аудару керек деген сұрақ бойынша тұтас институт жұмыс істеу керек. Редколлегия алқасы болуы керек. Және оған расында осы аударма саласына қатысы бар салмақты адамдар, ғалымдар тартылуы керек. Аударылатындардың тізімі әркімнің жеке субъективті пікірімен жасалмауы керек деп ойлаймын. Ал егер менің жеке субъективті пікірімді сұрасаңыз, мен қазіргі заманғы қазақ әдебиетін аударуды ұсынамын. Және шетелдің де қазіргі заман әдебиетін қазақшаға аударуды ұсынар едім.  Бізде әлі фундаменті берік қалыптасқан аударма мектебі бар деп айта алмаймын. Ол енді-енді қалыптасып келе жатыр. Стихиялы түрде. Аударма саласын кешенді түрде реттеуді, жүйелеуді әлі ешкім қолға алған жоқ. Сондықтан, расында да, «калька» аудармадан құлағымыз сарсыды. Ол эфир арқылы бүгінгі ұрпақтың құлағына құйылып жатыр. Эфирден кеткен сөздерді ешкім қате деп қарамайды. Солай дұрыс деп қабылдайды. Содан болар тұтас «калька» тілінде сөйлейтін ұрпақ өсіп келеді.

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.

***

Танакөз Толқынқызы - 1977 жылы 2 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері. 1999-2000 жылдар аралығында Францияның Страсбург қаласында орналасқан Роберт Шуман атындағы университеттің халықаралық құқық саласы бойынша магистратурасында білім алған. «Поэзия көктемі», «Жас толқын» фестивалінің, «Қазақтың ақын қыздары» республикалық жыр мүшайрасының бас жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2008 жылы «Дебют достастығы» атты халықаралық конкурстың жеңімпазы. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан президентінің поэзия номинациясы бойынша сыйлықтарына ие болған. Өлеңдерді француз тілінен тікелей қазақшаға аударды. 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Біз-таулықпыз» атты тұңғыш жинағы жарыққа шықты. 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Сағынып жүрмін» атты, 2010 жылы Профимедиа» баспасынан «Айтқым келеді», 2014 жылы «Хантәңірі» баспасынан «Сүйемін» атты жыр жинақтары жарыққа шықты. Францияның Қазақстандағы елшілігінде консулдың көмекшісі қызметін атқарды. Хусто Хорхе Падронның «Тозақ шеңберлері» туындысын француз тілінен қазақшаға тәржімалаған. «Қазақ ақындарының антологиясын» құрастырып, оны испан тілінде жариялады. Антология Испанияда жарық көріп, кітаптың тұсакесері Мадрид қаласында өтті.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы  «Поэзия әлемі», «Алаштың аманаты» тележобаларының авторы. 

Соңғы жаңалықтар