ҚазАгроны жекешелендіру: Фермерлер жерсіз қалып қоймай ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Парламент Мәжілісінің бүгінгі отырысында жекешелендіру мәселесі қаралды. Осы орайда депутаттар «ҚазАгро» xолдингін жеке меншікке сатуға қатысты алаңдаушылық білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржановтың айтуынша, бүгінде фермерлер «ҚазАгродан» несие алған кезде ауыл шаруашылығы жерлерін кепілдікке салып отырады. «Қазірдің өзінде «ҚазАгроның» кепілдігінде 1,2 млн гектардан астам жер бар. Ал ұйымның жалпы портфелі 237 млрд теңгені құрап отыр. Кепілдікте тұрған меншіктің сомасы шамамен 130 млрд теңгені құрайды. ҚазАгро Ұлттық қорға 72,5 млрд теңге қарыз. Бұның барлығын қайтару қажет. Енді, жаңа инвестордың келуімен жер және тағы басқа кепілдікте тұрған меншікті соның қолына беріп қоямыз ғой. Ол инвестор шетелден келуі де мүмкін» , - дейді М.Теміржанов. Оның ойынша, жаңа инвестор қаржыландыру шарттарын өзгертуі әбден мүмкін. «Ал, ең бастысы, фермерлер жерсіз қалып қоймай ма?», - деп сұрады депутат.

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы xолдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малеловтың сөзіне қарағанда, қаржы ұйымының қызметі де, талаптары да қала береді. Бұл - жекешелендірудің басты шарты. «Ал ақшаны қайтару мәселесіне келер болсақ, жаңа инвестор ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне берілген несиені бірден қайтаруды талап етпейді. Олар қаржыны бекітілген кесте бойынша төлеп отырады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Иә, жердің біраз бөлігі кепілдікте тұр. Дегенмен, ол жерлерді пайдалану құқығы тек фермерлерге ғана тиесілі. Олар өз міндеттерін дұрыс атқарып, ақшаны уақытында төлеп тұрса, жерді пайдалану құқығын ешкім бұза алмайды», - деп атап көрсетті Н.Малелов.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіру шараларын түсіндірді. Министр аталған шарадан кейінгі өзгерістер мен инвесторға қойылатын негізгі талаптарды да жариялады. 

Соңғы жаңалықтар