Қаза тапқан әскерилердің отбасылары жаңа баспана алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасындағы келесі бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға өмірі қиылған әскери қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр», - деді Т. Мұхтаров.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар заң жобасында әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған әскери зейнеткерлерге біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы беру көзделген, яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады. Мұнымен қоса, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ашқалай өтемақы төлеу қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар