Қаз дауысты Қазыбек би жолымен автокеруен жолға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шара қазақтың ұлы биінің туған жері - Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ аулында өтті.

Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жекетшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге, Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары әзірлеген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз ұлтымыздың тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайраткер тұлға екені атап өтілді. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт әрі өркендеген Қазақстан - ата-бабаларымыз арманының орындалғанының белгісі. Осының бәрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз - өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа зор үмітпен қол созамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлттық жадымызды жаңғыртып, одан әрі байытатын боламыз.

Іс-шара аясында Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау шығарып, еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сияқты спорт жарыстарымен жалғасты.

Сондай-ақ 30 тамызға дейін Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларына дейін баратын «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шықты.

Соңғы жаңалықтар