Қайырымдылық мақсаттағы Астана марафоны өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада жыл сайынғы дәстүрлі «Астана марафон-2017» басталды. Осы қайырымдылық спорттық шараға қатысуға 4,5 мың адам ниет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марафон аясында жүгіруге келгендірдің бірінші тобы жарыс жолына шықты. Ең жас қатысушы 16 жаста, ал ең жасы үлкен спортшы 80-де.

Спортшылар 3 қашықтықта өзара сынға түседі. Атап айтқанда, 42,2 шақырым - бұл ең төзімділер үшін, 21,1 шақырым - дайындығы мықты спортшылар үшін, әуесқойлар үшін - 10 шақырым. Онымен бірге марафон аясында скандинав жаяу жүру түрі бойынша жарыс қарастырылған.

Сонымен қатар astana42k.com сайтында онлайн режіммен тіркелуге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға Қазақстанның 22 қаласынан, сондай-ақ шетелдік 19 елдің азаматтары тіркеуден өтті. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Италия, Кипр, Қытай, Ресей және басқа мемлекеттер бар.

42,2 шақырым қашықтыққа астаналық марафон бойынша жүлде қоры бекітілді. Жеңімпаз 850 мың теңге көлемінде ақшалай сыйға және кез келген бағытта әуе билетіне ие болады. Ал екінші орынға - 200 000, үшіншіге - 100 000 теңге берілмек.

21,1 шақырымда  мәре сызығын бірінші болып басқан адамға 60 000 теңге, екіншіге -50 000, үшінші орынға  40 000 теңге табысталады. Бұдан бөлек, 10 шақырымдық қашықтықты бірінші болып еңсергенге 30 000 теңге, екіншіге - 25 000, сондай-ақ үшінші орынды иелеген адамға 20 000 теңге беріледі.





Бұдан бұрын хабарланғандай, 17 қыркүйек күні елордада бұқаралық марафонның өтуіне байланысты белгілі бір көшелерде көлік қозғалысына шектеу қойылады. Осыған байланысты қоғамдық көліктердің де қозғалыс кестесінде өзгерістер болады. Марафон сағат 13:00 кезінде аяқталады деп күтілуде.

Айта кетейік, осы қайырымдылық марафоны елордада 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда.

Соңғы жаңалықтар