«Қайырымды қаладан» «Мәңгілік Елге» дейін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бағзы замандарда бабаларымыз алдағысын байырқалап, келер күннің еншісін қашанда көңіліне түйе жүріп тұрмыс кешкен ғой. Алып аумақта атқа қонып, жұртына жайлы қоныс іздеп жортқанының өзі де елдің ертеңін ойлағандық, келешектің тереңіне бойлағандық емес пе. Ойламаса, Асан қайғы бабамыз Желмаясымен желіп жүріп жер жәннаты Жерұйықты іздеп, әрлі-берлі сабылар ма еді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Құдайға шүкір, сол «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» бабалардың тілеуі шығар, тынымсыз тірлігінің арқасы болар, алаш жұрты бүгінде әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын алып аумаққа тамырын жайып, Жерұйыққа бергісіз жерде өрісін кеңейтіп, түтінін түтетіп отыр. Ол бүгін солай. Ал оның ар жағында, бұл қазақ жұртының көрмегені жоқ-ты. «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылған» кезі де аз болмады. Бодандықтың бұғауы жанына қатты батқан кезде ғой Махамбет сынды ақиық ақынның ақыра отырып, көкейдегі күйкіге толы арман-тілегін еріксіз ақтарғаны. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім; Жағалай жатқан сол елге, Мал толтырсам деп едім...», деп.

  Махамбет сынды өр тұлғалы бабалардың азаттық үшін арпалысының жақсылығын араға ғасырлар салып үрім-бұтағы, ұрпағы көрді. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана Қазақ елі бодандық бұғауынан құтылды. Осы уақыт ішінде көшін түзеп, өркениеттің керуеніне қосылып, төрткүл дүниеге таныл­ды. Танылғаны сол, тәуелсіз ел ретінде бас қаласын - Астанасын төрге оздырды. Қазақ хал­қы­ның ежелден ұстанған дәстүріне сәй­кес бабалардың озық үрдістерін жаңғырта оты­рып, замана мінберіне көтерілді. Көтеріл­гені емес пе, Елбасы Қазақстан халқы­ның атынан сөз алып, БҰҰ тәрізді биік мінберден бас­тамашылдық танытып, ұлты­ның ұлағатты қасиетін жаһанға әйгілеп жүр.

Жә, айтарымызды, көңілге түйгенімізді, Қазақ елінің ширек ғасыр шеңберінде алдына қойған арналы мақсат-мұраттары, болашаққа бастайтын ізгі бастамалары жөнінде рет-ретімен баяндап, оқырманға жеткізіп көрелік.

«Қазақстан-2030» қиял емес!

Ол кезде, 1997 жылы Қазақстанның 2030 жылғы даму стратегиясы жарияланған тұста халық біткеннің көңілі алаң еді. Енді ғана тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан мемлекет үшін 30 жылдың бедеріндегі белес тым алыс, тым ұзақ сияқты көрінген. «Ойға алғаны­мыз орындалар ма екен?» деп, сарыуайым­ға салынып, көңіліне кү­дік ұялатқандар шоғы­ры да көбірек бо­латын. Сол сәтте ондай­ларды жазғыру қиын-тұғын. Өйткені, бұрын­ғы кеңестік кеңіс­тіктегі экономикалық бай­ланыстар шорт үзіліп, өндіріс атаулы тұралап, ха­лық біт­кеннің базар аралап кеткен кезі ғой. Отан­дық экономиканың бойына қан жүгі­ріп, әлеу­меттің әлденуіне әлі бірнеше жыл бар еді.

Сөйтсе, мәселенің құндылығы жылдар жөңкілімен емес, алға қойған мақсаттардың орындалуымен өлше­неді екен ғой. Ең бас­тысы, елдің алдына қойған стра­тегиялық жоба­ларды жүзеге асыруға деген ерік-жіге­рінде, тұғыры бекем тәуекелде көрінеді. Бір­ кез­дегі «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» да, Тәуке хан­­ның «Жеті Жарғысы» да халық­тың ас­қара­­лы армандарын ақиқатқа айналдыру жо­лын­­да жұмылдырылған өз кезеңінің стра­­тегиясы емес пе еді. Ол заманда да атал­­ған қағидаттарға күдікпен қарағандар аз бол­маған шығар? Ендеше, атауы басқа бол­ғанымен, кезіндегі бабалардың жөн-жобасы мен бүгінгі бағыт-бағдарымыздың мақсаты бір екендігіне ендігі жерде ешкім күмән келтірмесе керек-ті. Тәуелсіз елдің тіз­гінін ұстаған Елбасының алдағы күннің атқарылар ауқымды шаруасы туралы айбы­ны асқақ баяндамасын бабалардың бәтуалы сөзінің заңды жалғасы деп қабылдайтынымыз да сол.

Бүгінгі күннің биігінен көз тастай оты­рып, осыдан 19 жыл бұрын қабылданған Қазақ­стан Респуб­лика­сының 2030 жылғы стра­тегиясы басымдық­тары­ның қай кезде де өзекті екеніне көз жеткіземіз. 2030 жылға дейін де, одан кейін де. Тіпті қай уақытта да өзекті. Стратегияға темірқазық болған жеті басым­дықтың қай-қайсысы да тәуелсіздікке ен­ді ғана қол жеткізген мемлекеттің тұғырын биік­­тетіп, іргетасын бекітіп, нығайту жолын­да­ғы қадау-қадау мәселе екендігі көзге ұрып тұр.

Бірінші басымдық - ұлттық қауіпсіздік Қазақстан түгілі кез келген елдің мәңгілік мәселесі дер едік. Осы басымдық аясын­да «Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету» бірізділік­пен жал­ғасып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аумағымызда ат ойнатып, тұтастыққа селкеу түсіргісі келген оқыс оқи­ғалар да орын алды. Сепаратистік пиғыл­дағы әрекеттер де қылаң беріп, оқтын-оқтын қауіпсіздігіміздің беріктігін сы­нап көргісі келгендер де кездесті. Құдай­ға шүкір, қағаз жүзінде біржола қаттал­ған бағдарымыздағы басымдық іс жүзін­де шыңдалып, шымыр­ланып, түлен түрткендерді тәубесіне түсіріп, сабырмен жеңе білдік.

Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы. Екінші басымдық бұл. Әрі қарай стратегияға сай тұжырымды жалғастырсақ төмендегіше түйінделеді: «Қазақстанға бү­гін және алдағы ондаған жылдар ішінде ұлт­тық стратегияны жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап, нығайта беру».

Ішкі саяси тұрақтылықтың мемлекеттің өрісін кеңейтіп, дамуында айрықша рөл атқаратынын төңірегіміздегі елдердің талайлы тағдыры арқылы талай мәрте куә болдық қой. «Төртеу түгел болмай төбедегінің келетінін» бабаларымыз баяғыда айтып кет­кенімен, осы тақылеттес аманат-тұжырымды басқа­лар­дың да бабалары айтпады дейсіз бе. Айтты, әрине. Әйтсе де, айту бар да, сол аманат-тілекті жеріне жет­кізе жүзеге асыру бар ғой.

Осы тұрғыдан алғанда Елбасының елдің ішкі ынтымағы мен халықтың ауыз бірлігі туралы жиі әңгіме қозғайтыны да бекер емес. Айтып қана қоймай, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық біртұтастықты қалыптастыру бары­сында жан аямай қызмет етіп келеді.

Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталым­дардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономи­каға негізделген экономикалық өсу. Экономикалық өрлеу­дің нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетін қарқынына қол жеткізу. 2030 жылғы стратегиядағы үшінші басымдық бұл.

Қазіргі кезде әлемдегі қаржылық дағдарыстың отандық экономикаға да өзінің зардабын тигізіп отырғаны белгілі. Соған сәйкес экономикалық өсім төмендегенімен, ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, көрпеге қарай көсіліп, өз өндірісімізге басымдық беріп отырған жайымыз бар. Бұрын-соңды мұнай мен газдың арқасында қазына қоржыны жоқ-жітігімізді жамап жатса, ендігі жерде шикізаттан гөрі дайын өнім өндіруге бет бұрдық.

Задында, адам баласы жақсы тұрмысқа тез бейімделетіндей ме қалай? Әйтпесе, кеңес­тік кезеңде меди­циналық көмек көрсету, білім беру тегін дегені­ңізбен, оның да өз проблемасы жетіп-артылатын еді ғой. Тек ашық айтылмай, «жабулы қазан жабу­лы күйінде» қалған соң, бәрі керемет сияқ­­ты көрінетін. Соңғы оншақты жылдың бедерінде Қазақстан медицина саласында үлкен табыстарға қол жеткізді. Шетелден әке­лінген медициналық жарақтарды ұршық­ша иіретін кәсіби мамандар шоғы­ры қалыптасты. Мұны не үшін айтып отыр­мыз? Жоғарыда біз әңгімелеп отырған Қа­зақ­с­тан Республи­касының 2030 жылғы стра­­те­гиясының төртінші басымдығы Қа­зақ­стан азаматтарының денсау­лы­ғы,­ білімі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Білім саласының жетістігі өз алдына. «Болашақ» арқылы қанаттанған жас­тар бүгінде әр салада еңбек етіп жүр. Денсаулығы мықты, білімі терең қазақ­стандықтың әлеуметтік жағдайы да жақсы болуы тиіс. Олай болса, аталған басымдықта да елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады деген сенімдеміз.

Стратегияның бесінші басымдығы энергетика ресурстарына қатысты, отандық энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға байланысты. Осы төңі­ректе бір мәселені ғана айтып өтсек жеткілікті тәрізді. Мұнай мен газ экспорт­таудан түскен қаржы Ұлт­тық қорға жинақ­талып, халықтың тұрмысын жақ­сарту­ға өз септігін тигізді. Әсіресе, қаржылық дағ­да­рыс кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын құлды­ра­тып алмас үшін Үкімет Ұлттық қордың көмегіне жүгінді.

Соңғы кездері елімізде инфрақұрылымға баса назар аударылып, «Нұрлы Жолдың» арқасында ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдар жаңаша қалыпқа еніп, көлік және байланыс саласы заманауи тұрғыда жандана түсті. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» жолы Азия мен Еуропаны Жібек жолы арқылы жалғайтын күретамырға ай­налды. Міне, осының барлығы 2030 жыл­ға арналған стратегияның алтыншы басым­дығы аясында жүзеге асырылып келеді.

Мем­лекет­тіліктің озық өнегесі нағыз мемлекетшілдер корпусы­ның қалып­тасуымен тығыз байланысты. Осы тұрғы­дан алғанда, еліміздің 2030 жылға арналған стра­те­гиясының жетінші басымдығының кәсіби мемлекет қалыптастыруға бағыт­тал­ғаны да бекер емес. Өйткені, елдің өркен­деуі, алдына қойған асқаралы міндеттер мен ұлттық жобалар нағыз мемлекетшіл жандардың жанкештілігімен іске асады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның 2030 жылғы стратегиясына қатысты Жолдаудың соңында: «Қазақтың халық мақалы «Шапшаң жүргенге шаң жұқпас» дейді. Сондықтан да бізге - уақыт төреші. Мұратына жүрген жетеді» деп түйіндеген еді. Стратегия жарияланғаннан бергі 19 жылдың бедерінде ел өмірінде талай-талай оң өзгерістердің болуы, жетістіктер жылнамасы Қазақстанның жоғары қарқынмен дамып келе жатқанының куәсі дер едік.

«2030» бен «2050» стратегияларының арасында...

Алаш қайраткері Ахмет Байтұр­сынұлының елдік мәселесі төңірегіндегі әңгіме ауанын төмендегіше қайырғаны бар еді: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».

«Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» демекші, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр шеңберінде Елбасы Қазақстанның «білімді, бай һәм күшті болу» жолында үздіксіз еңбек етіп келеді. Оны Қазақстан халқына арнаған Жолдаудан айқын көруге болады. Соңғы 19 жылдың шамасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мөлшері жиырма деген санды дөңгелектепті. Мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындап, оның замана талабына сай іс-қимылын үйлестіруде әрбір Жолдаудың орны бөлек.

«Қазақстан-2030» Стратегиясына қатысты тұңғыш Жолдау туралы жоғарыда жан-жақты баяндадық. Ал келесі Жолдауларда көтерілген мәселелер олардың тақырыптарынан-ақ айқын аңғарылады. «Қоғамды демократияландыру, жаңа жүзжылдықтағы экономикалық және саяси реформа», «Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік», «Ерікті, тиімді және қауіпсіз қоғам» - аттары айтып тұрғандай, қоғамның өрісін кеңей­тіп, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағыт­талады. Ал үш жыл қатарынан Елбасы Жолдауы елдегі жағдай туралы ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыт­тарға арналған екен. Бұл Жолдаулар 2001, 2002, 2003 жылдардың еншісіне тиеді.

Жолдаулардың келесі бір шоғыры экономикалық ахуалмен астасып жатыр. Яғни тақырыптары «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» немесе «Қазақстан өз дамуын­дағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты болып келеді.

Мемлекет басшысы ең алдымен, экономикаға басымдық беру керектігін үнемі айтып отырады. Сол себепті де елге «керектердің» ішінде экономиканың аты озып тұр. Жолдаудың басым бөлігі экономикаға бағытталатыны да сол. «Қазақстанның әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға», «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» болып жалғаса береді.

«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Қазақстан жолы - 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдаулар да Қазақстан халқының «білімді, бай һәм күшті болуы» үшіннегізгі бағыт-бағдарға айналды.

Бұл Жолдаудың жөні бөлек...

Рас, орны бөлек. Өйткені, Қазақстан құлашын кеңге жайып, алдағы қырық жылдың жоспарына қанат қағып, арман-мұратын осы кезеңге тағы бір шегендеп қойды. Олай болса, «Қазақстан-2050» Стратегиясы «қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағытына» айнала­ты­ны анық. Бұл туралы 2012 жылғы 14 жел­тоқ­сандағы Қазақстан Республикасының Пре­зи­­денті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан халқына Жолдауында «Жаһандық дағ­дарыстың жалғасуының әсерінен әлем­де болып жатқан өзгерістер бізді үрей­лен­дір­мейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ен­дігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жет­кіз­геннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ға­сырда орнықты дамуды жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған эконо­ми­каның және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағ­дайын қамтамасыз ету үшін аса маңыз­ды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясаты­мен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді даму­мен және экономикалық өсумен айна­лысады» деген болатын. Ұлттық страте­гия­ның темірқазық-тұғырын соңғы сөйлем түбегейлі бекітіп, қадірімізді арттырып, беделі­мізді биіктететін ел болашағының бағыт-бағдарын біржола айқындап берді.

Мемлекеттің жаңа саяси бағытының бастауы «қалыптасқан Қазақстанның» қыс­қа мерзімдегі жүріп өткен жолы тура­лы сөз болып, «көзқарасымыздағы ма­ңыз­­ды серпіліс» - елдің 2030 жылға арнал­ған стратегиясы төңірегінде, ондағы мақ­саттардың орындалғаны хақында жан-жақты айтылды.

Жолдауда айтылған қуатты да табысты мемлекет, демократияландыру мен ырық­тандырудың орнықты процесі, этника­лық және діни топтардың келісім мен тату­лығы, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қауымдастық таныған ел, ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі Қазақстанның басты рөлі сияқты қадау-қадау мәселелердің қай-қайсысы да Қазақ елі­нің бірізділікпен жүзеге асырып келе жат­қан жұмысының нәтижесі деп бағам­дауға болады. Осылардың әрбірі мем­ле­кет­ті­ліктің іргесін бекітіп, әлемдік арена­дағы беде­лін орнықтыруға өзіндік үлес қосатынын, қара­пайым тілмен айтқанда, «қасықтап жинаған абырой» екені мәлім. Оны Елбасының өзі де осы Жолдауда ашық айтқан-ды: «Бүгінгі күні біздің әрқайсы­мыз «2030» Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақ­стан орнықты» деп айта аламыз. Бұл біз­дің бірлігіміздің, табан­ды да қажырлы ең­бе­гіміздің нәтижесі, ұмты­лыс­тарымыз бен үміт­теріміздің жанды көрінісі».

Осылайша, Мемлекет басшысы 2030 жыл­ға арналған стратегияға қорытынды жа­сай келіп, алдымызда жаңа міндеттер тұрғандығын айта отырып, «біз мемле­кетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағ­дар­ланған одан әрі даму векторын күшей­туге тиіспіз», деді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының бас­ты бағыт-бағдары ХХІ ғасырдың он жаһан­дық сын қатері төңірегінде өрбіді. Қазір­гідей алмағайып заманда қауіп-қатердің алдын алмаса, оның қай-қайсысы да бүйір­ден тиген бүйідей осал еместігі белгілі. Демографиялық теңгерімсіздік дейсіз бе, азық-түлік қауіпсіздігі ме, су тапшылығы ма, әлеуметтік тұрақсыздық па, табиғи ресурс­тардың сарқылуы дейсіз бе, осылардың бәрінің де қатері күшті. Жаһандану зама­нын­да оқшаулана өмір сүру әсте мүмкін емес, ендеше, етек-жеңіңді жинап, сыртқы ықпал­дастыққа, қауіп-қатерлерге қолданатын мемлекеттің амал-айласы да болуы тиіс. 2050 жылға бағытталған стратегияда өзекті проблемалардың көтерілуі Мемлекет басшысының осындай ойларымен өріледі.

«Біз қайда бара жатырмыз?» деген сауал қарапайым қазақстандықтарды да маза­лайтыны түсінікті. Көпшілікті мазалайтын осы сауалға біз әңгіме өзегі етіп отырған Жолдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төмендегіше жауап береді.

«Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең да­мыған отыз елінің қатарында болуы тиіс.

Дамушы елдер арасында осы клуб­тағы орынға бәсекелестік қатал бол­мақ. Күн астын­­дағы орын тек ең мық­тыларға арнал­ғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһан­дық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс».

Заманында Асан Қайғы бабамыздың Жерұйықты іздеп сабылғаны да, осыдан он ғасырдан аса уақыт бұрын әл-Фараби баба­мыз­дың «Қайырымды қаланың басшы­сы қандай болуы керек?» деген тұрғы­да философиялық трактат жазуы да, бертін­де Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайрат­кер­лерінің ұлттық мемлекет құрудағы талпы­нысы да бабалардан бүгінгі күнге дейін жал­ғасып келе жатқан елдік үшін күрестің бірізділігін аңғартатындай. Ендігі жерде тәуелсіздік алып, өз билігіміз өз қолымызға тиген тұста әлемдегі 30 озық елдің қатарынан көрінуге деген ұмтылыс сол байырғы баба­лар­дың арман-аңсарының іс жүзіндегі көріні­сі болмақшы. Бұл жөнінде Мемлекет басшы­сы­ның өзі де: «Елдік мұрат жолындағы ұлы ер­лік әрқашан ата­ларымыздың бойынан табылған.

Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әр­дайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деген-ді. Бабаларымыздың тірі қалуы үшін жан­т­ал­асы, сөз жоқ, ұрпағының ірі болуына үл­кен мін­дет пен жауапкершілік жүктейтіні тағы сөзсіз.

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан.

Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.

Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаз­дығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясына арналған Жолдаудың соңын осылайша түйіндеді.

Қадыр ақын айтпақшы, «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз еш­қашан ұлы халық». Олай болса, «Мәңгілік Ел» - біздің ұлы мақсатымыз. Қазақтың «Мәңгілік Ел» арқылы ұлы халық атануына әбден құқы бар. Бабалардың азаттық үшін арпалысы ұрпағын осыған үндейді емес пе!

Жиырмасыншының да орны ерек...

Қиын кезеңде тығырықтан шығатын жолды іздеу, дағдарыстың халыққа түсетін салмағын азайту мемлекеттің негізгі міндетінің бірі емес пе. Қарап отырсаңыз, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде еңсесін тіктеп үлгермей жатып, қаржылық дағдарыстың бірнеше толқыны соққаны мәлім. Соңғы бірер жылда да көмірсутегіне баға төмендеп, қазынаға түсетін қаржы көлемі азайды. Алайда, күллі дүниеде дағдарыс болып жатыр екен деп, сарыуайымға салынар болсақ, одан экономикамыз өрге басса, қане. Елбасының уақыт талабына сай хал­қына жігер беретін Жолдау арнауы осы­ның нышаны іспетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталады.

«Біз бәріміз көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік» деген болатын Елбасы аталған Жолдауында.

Қай заманда да күйректікке салынғанның күймесі ілгері жүрмей, жанын жалдап, жігер қос­қанның жүрісі жеделдікке ұласады емес пе. Қай уақытта да еңбекшіл халық өз несібе­сінен құралақан қалмайтыны бағзыдан мәлім.

«Қазір «мен әлсізбін» деп ешнәрседен таюға жарамайды. Әлсіздің әлді болуы, әлдінің әлсіз болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек. Күрестің аты - күрес. Жыламаған балаға емшек бермейді» деген болатын осыдан 90 жыл бұрын алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы. Жаһандық жағдайда жанкештіліктің, еселенген жігер мен қажыр-қайраттың қажет екендігі сөзсіз».

Елдің еңсесі жығылып, уақыт сынынан мұқалмай өту үшін мемлекет алдындағы ахуалды егжей-тегжейлі зерттеп, күніне қырық аунақшып отырған әлемдік саясат­қа орай өз байламын жасауы тиіс. Ел Президенті осы­ған орай, Қазақстан халқына Жолдауында өз тұжырымын да жеткізді: «Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміз­дің нақты мүмкін­діктеріміз негізіндегі бір­тұ­тас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек».

Мемлекет басшысының өткен жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жол­дауы­ның басты ерекшелігі, дағдарыстан шығудың басты тетігі болып табылатын экономикаға айрықша мән берілді.

Елбасы айтпақшы, «жаһандық дағдарыс - ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер». Қазақ елі жаңа мүмкіндіктер аясында алдағы уақытта дағдарысқа қарсы әлеуетін жұмылдырып бағады. Ең бастысы, ендігі жерде шикізат ресурстарына деген тәуелділіктен арылатын экономиканы қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты бойынша жоспар­ларды жүзеге асыру қолға алынды. Қазіргідей қаржы саясаты қалт-құлт етіп, құбылып тұрған сәтте «қаржы жүйесін жылдам тұрақ­тан­дыру, оны жаһандық нақты ахуалға сәй­кес­тен­діру» маңызды міндеттің біріне айналды.

Еншісі бөлінбеген ен қазақтың қазаны - бюджет саясатын оңтайландыру да кезек күттірмейтін мәселе. Қазына қоржынын молайтудың алуан түрлі амалдарына жүгініп, кіріс пен шығыстың бүкіл жүйесі қайта қаралып, кіріс базасын ұлғайтуға баса назар аударылады. Сондай-ақ, 2017 жылдың қаңтарынан бастап кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енетін болады.

Экономикалық өсімді қамтамасыз етуде ішкі ресурстарды мейлінше іске қосу қажет, басқалай айтқанда,жекешелендіру мен эко­но­микалық бәсекелестікті ынталан­ды­ру өз кезегінде экономиканың әлденуіне жол ашады.

Әлеуметтік саясатқа да баса назар аударып, 2016 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап денсаулық сақтау сала­сы қызметкерлерінің еңбекақысы орта­ша алғанда - 28 пайызға дейін, білім беру сала­сы қыз­меткерлерінікі - 29 пайыз­ға дейін, әлеу­мет­тік қорғаудағы қыз­мет­кер­лердікі 40 па­йыз­ға артты. Сондай-ақ, «Б» корпусындағы мем­ле­кет­тік қыз­мет­шілердің еңбекақысы 30 пайызға өсті.

Тағы бір атап өтетіні, Мемлекет басшы­сы­ның былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес, 2017 жылдан бастап жаңа жоба - Баршаға арналған тегін кәсіби-тех­ни­калық білім» бағдарламасы жарияланып, Үкімет осы бағдарламаны әзірлеп жатыр.

Жаһандық дағдарысқа қарамастан мемлекет әлеуметтік ахуалды бақылауында ұстап келеді. Бұл туралы өз ойын Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдау­дағы түйінді сөзінде жеткізді. «Дағ­дарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін біз­де бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын жел­біретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік!»

Ендеше, біз де өз тарапымыздан болашақта Қазақ елінің тірегі мықты, тілеуі тұрақты, білегі күшті болсын дегіміз келеді.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар