Қайырбек Өскенбаев ипотека қанша пайызға төмендейтіндігін айтудан «қорықты»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ипотека пайыздарын төмендетуге бағытталған шаралар әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асқанда ипотека 10 пайыздан аспауы керек дедік. Одан асқан жағдайда Үкімет өз тарапынан оны субсидиялау механизмін іске асырды. Ол жұмыс қазір жақсы жүріп келе жатыр. Ипотека саны артуда», - деді ол.

Оның дерегінше, бұрын екінші деңгейлі банктер берген ипотека саны 80 пайызға жуық болған, 20 пайызы Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне тиесілі. Ал өткен жылы Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі берген ипотека көлемі 76 пайызға жетіп, екінші деңгейлі банктерде несие 24 пайызға төмендеген. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі екінші деңгейлі банктердің ипотекаға қаражаттарын салуы үшін шаралар қарастырып отыр.

«Біз ипотека 10 пайыздан да арзан болса екен деп отырмыз. Үкімет қолдап жатса, оны сіздер таяуда естисіздер. Жалпы, Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі механизмдерін де дамытудамыз», - деді вице-министр.

Осы ретте ол БАҚ өкілдерінің алдағы уақытта ипотека қанша пайызбен берілуі мүмкін деген сауалына жауап бере  алмайтындығын атап өтті.

«Қазір мен сіздерге осыншама пайызға төмендетіледі деп нақты жауабымды берсем, оны ертең әріптестерім қолдамайтын шығар. Содан қорқып отырмын. Бірақ, субсидиялауды көбейтеміз бе деп отырмыз. Сол себепті банктердің ставкасы азаюы мүмкін», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Соңғы жаңалықтар