Қайрат Мәми: Кәсіпкерлік - халықтың бақуаттылығының айқын көрінісі әрі мемлекеттің тірегі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғары Сот ғимаратында «Бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың тиімділігін арттыру» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының төрағасы Қайрат Мәми, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.

Іс-шараға Парламент депутаттары, судьялар, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері мен сарапшылар да қатысты. Бейнебайланыс арқылы өңірдегі жергілікті соттар судьялары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Форумда сөйлеген өзінің кіріспе Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми: «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлетіндігін білеміз. Оның себептері анық. Кәсіпкерлік - халықтың бақуаттылығының айқын көрінісі, мемлекеттің тірегі, ұлттық стратегиялық жоспарлардың іске асуының бірден-бір кепілі. Сол себептермен біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс жасауға әзірміз» - деді.

Ол жоспарланған жұмыстың негізгі басымдықтарына қысқаша тоқталып өтті. Солардың қатарында: сот ақпаратына кең көлемде қол жеткізу және интернет пен әлеуметтік желілерге басымдық бере отырып, тиімді коммуникация орнату. «Қазіргі таңда сот істерін әділ әрі жедел қарастыру  жеткіліксіз. Қоғам сот төрелігі шын мәнінде жүзеге асырылатынын, кез келген қылмыс жазасыз қалмайтынын, ал жазықсыз адам ақталатынын білуі керек», - деді Жоғары Сот төрағасы.

Соттар ашықтық саясатын ұстана отырып, неғұрлым маңызды қоғамдық мүдделерді көздейтін барлық беделді ұйымдармен сындарлы байланысқа дайын екендігі де айрықша аталып өтті.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бүкіл әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Ал, әр кәсіпкер үшін дау - белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша, ал егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса - онда бұл үлкен шығын, тіпті бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай.

«Дауды шешудің соңғы мүмкіндігі - сотқа жүгіну, мұнда бизнестің түбегейлі тағдыры шешіледі. Сондықтан судьялардың әділ әрі объективті жұмысынан бизнес қауымдастықтың күтері көп», - деді Тимур Құлыбаев.   Ол дауларды шешудегі Ұлттық палата рөлін атап өтті. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері туралы шағымдарының шамамен 44%-ы оң шешімін табуда. Бұл сот жүйесіндегі жүктемені азайтудың сүзгісі іспетті. 

Форумда Жоғары Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева да сөз сөйледі. Ол сот төрелігінің тиімділігін арттыру жұмысы, соның ішінде Ұлт Жоспары шеңберінде жүзеге асырылған реформалардың қорытындысы туралы мәлімдеді. Кәсіпкерлердің қатысуымен орын алып жатқан ағымдағы сот практикасына, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын әзірлеуге, судьялардың заң шығару қызметіне қатысуына, соттардың ақпараттық сервистерін дамытуға және  дауларды соттан тыс шешудің тәсілдеріне ерекше көңіл аударылды.

Соңғы жаңалықтар