Қайрат Келімбетов: АХҚО төңірегінде Қазақстан экономикасының жаңа ДНҚ қалыптасуда

None
None
БЕЙЖІҢ-ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан елордасын халықаралық және өңірлік бизнес-хабқа айналдыратын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өз жұмысын бастайды. Қазірдің өзінде көптеген инвестициялық, брокерлік компаниялар, шетелдік елдердің қаржы-банк институттары АХҚО аумағынан өз өкілдіктерін ашуға ниеттеніп жатыр.

Көптеген америкалық және азиялық қаржы биржалары Орталық Азиядағы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында өзекті болып қарастырылып жатқан Астанадағы жаңа биржаның серіктестеріне айналады. Бұл туралы, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметінен күтілетін нәтижелер жайлы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында инвестициялық роуд-шоу аясында ҚХР-ға келген АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндап берді. 

- Қайрат Нематұлы, сіздің Қытайға жасаған осы жолғы сапарыңыздың мақсаты қандай?

- 2018 жылдың 1 қаңтарда АХҚО өз жұмысын бастайды. Оның ашылуына дайындық шеңберінде біз «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп Гонконгте, Лондонда, Франкфуртта Инвесторлар күнін өткіздік. 29 қарашада Шанхай қаржы биржасының алаңында осы іспеттес шара өткіздік. Біз екі әлемдік ірі қаржы биржасымен: Nasdaq америкалық жоғары технологиялық биржасы (технологиялар ұсынады) және Шанхай қаржы биржасымен (біздің биржамыздың ірі серіктесі және тең акционері) тығыз қарым-қатынас жасайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығынан жаңа биржа ашамыз. Біз Шанхай қаржы биржасы қытайлық бизнеспен және қаржы қоғамдастығымен байланысымызды дамытуға ықпал етеді деп келістік.

Сондықтан бүгін мұнда Қытайдың ірі 150 инвестициялық, қаржы-банк (Қытай даму банкі, CICC, Қытай құрылыс банкі және т.б.), брокерлік және іскерлік топ өкілдері бас қосты. АХҚО оларға өз жоспарларын, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынып, панельдік сессия ұйымдастырды.

Қытай үшін Қазақстандағы инвестицияға деген қызығушылық «Біл белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты.

Қазақстан Президентінің шешімі бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығы - тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ біздің еліміз арқылы өтетін Орталық Азиядағы инвестицияның негізгі қақпасы.

Сондықтан қытайлық инвесторлар Астанада жаңа биржа ашу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Банктер мен брокерлік компаниялар АХҚО базасына тіркелу мен лицензиялау тәртібіне қызығушылық танытты.

Шараға Шанхай қаржы биржасының басшысы да қатысты. Биыл Дүниежүзілік биржа федерациясының төрағалығы осы Шанхай қаржы биржасына өткен еді. Ол капитализация бойынша әлемдегі төртінші ұйым болса, Nasdaq - үшінші. Инвестициялық жағынан Жібек жолы қоры да қызығушылық білдіріп отыр, олармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Шанхай жаһандық қаржы орталығына айналып жатыр, сол себепті оның тәжірибесі бізге қызықты. Сондай-ақ, біз болашақта қытайлық әріптестермен Астанада юань оффшорлық орталығын ашуды көздеп отырмыз. Бұл жобаның болашағы зор, себебі Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі саналады.

- Сапар барысында Қытайдың қай қалаларын араламақсыз?

- Роуд-шоу барысында Қытайдың жоғары технологиялық және қаржы орталықтарына - Бейжің, Шанхай, Ханчжоу, Шэньчжэнь және Гонконгке сапарлаймыз. .

Мысалы, Бейжіңде қаржы реттеуіштермен - Қтыай халық банкімен, құнды қағаздарды реттеу нарығы жөніндегі мемлекеттік комиссиямен, бизнес-құрылымдармен - Жібек жолы қоры, Қытай даму банкімен бірқатар кездесулер өткіздік. Олар үлкен қызығушылық танытып, қолдау көрсетуге дайын екендіктерін және АХҚО аумағынан өз өкілдіктерін ашуға ниетті екендігін жеткізді. Олармен бірқатар нақты мәселелер талқыладық.

- АХҚО-ның жұмыс бастауға дайындығы қай деңгейде?

- 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы институттары «Астана» Халықаралық қаржы орталығының аумағында тіркеуден өтуіне болады. Бүгінгі таңда АХҚО аумағы 23 гектарды алып жатыр, ол жер бізге ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін мұра боп қалды. Қазір 3-ші және 4-павильондар жөнделіп жатыр, жөндеу жұмыстары аяқталған соң АХҚО-ның барлық мүшелері мен органдары сол жерге орналасады.

2018 жылдың алғашқы тоқсанында АХҚО биржасы белсенді жұмыс істейді, онда алғашқы мәмілелер іске асырылады. Біздің жоспар бойынша жылдың екінші жартысында жуырда Гонконгта өз кәсіпорындарын таныстырған «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларын жекешелендіру басталады. Келер жылы Нью-Йоркте Қазақстандағы жекешелендіріліп жатқан компанияларды таныстырамыз. Халықаралық қаржы орталығының басқа барлық органдары сияқты Халықаралық арбитраж орталығы және АХҚО Тәуелсіз соты да жұмысын бастайды. Қазірге судьялар таңдалып, судьялар корпусының жұмыс қағидалары айқындалды, жыл соңына дейін негізгі тағайындаулар іске асырылады. Жалпы, біз жұмысты бастауға толық дайындықпен отырмыз деуге болады.

- АХҚО Алматы өңірлік қаржы орталығын құрудағы тәжірибеден қандай қорытынды шығарды?

- Иә, біз жуырда ғана Алматыдағы сабақтарды еске алдық. Көптеген ірі қалалар қаржы орталығы болуға әрекет жасайды. Алматы да, Мәскеу де соған ұмтылды. Бірақ оларда тәуелсіз сот, ағылшын құқықтары секілді тірек шарттар болған жоқ. 2015 жылы Қазақстан Президенті қабылдаған сияқты қажетті саяси шешімдер қабылданбады. Президент бұрынғы одақ елдерінің ішінде тұңғыш рет батыл қадам жасап, ағылшын құқықтарын енгізді. Оған қол жеткізу үшін алдымен Конституцияға өзгертулер енгізіліп, Конституциялық заң қабылданды, АХҚО тәуелсіз сотының қажетті шарттары орындалды, жұмыс істеу тілі ретінде ағылшын тілі белгіленді. Меніңше, ауқымды жекешелендіру туралы шешім ең басты рөл атқарды. Осының барлығы бұрын болған жоқ еді. Бұдан тыс, 2007-2008 жылдары ішкі дағдарыс көріністерін бастан кешірдік, 2008-2009 жылдары жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс басталды.

Қазіргі кезеңде жетіктікке жету үшін заңнамалық база дайындалып, Дубай, Лондон, Әбу-Даби, Катар, Гонконг, Сингапурдегі секілді үздік әлемдік тәжірибелер зерттелді. Бізге Мемлекет басшысы АХҚО басқару жөніндегі кеңесін басқара отырып, үлкен қолдау білдіріп келеді әрі оның дамуын жіті қадағалауда. Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдар бізге ерекше көңіл бөліп отыр.

АХҚО-ның болашақтағы қарқынмен дамуына басты алғышарттардың бірі адам капиталы болуы тиіс. Биыл АХҚО аясында Үздіксіз білім жетілдіру бюросын құрдық, онда алдағы үш жылда «сертификатталған қаржы талдаушысы» сияқты мамандықтар бойынша әлемдік стандарттарға жауап беретін қазақстандық 5 мың жас қаржыгерді қайта дайындау жоспарда бар. Ол үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Өз басым Қазақстанның адам капиталы, жастарымыздың жаңа білімдерді игеру қабілеті Астанаға Азияның алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының бірі болуға мүмкіндік береді деп сенемін.

- АХҚО-ның сәтті қызметі Қазақстан азаматтарына қаншалықты ықпал етеді, Астананың келбетіне қандай өзгерістер әкеледі?

- Ең алдымен, Астана халықаралық және өңірлік бизнес хабына айналады. Лондондағы, Дубайдағы, Шанхай немесе Гонконгтағы секілді қаржы орталығы бар елде ірі агломерациялар, қызмет көрсету орталықтары, банктер, заң және сақтандыру компаниялары, хедж-қорлар Private Equity қорлары (тікелей инвестициялар және оларды басқарумен айналысатын қорлар - Ред.), аудиторлық, консалтинг, компаниялары, ІТ-компаниялар қалыптасады, яғни Қазақстан азаматтарына жоғары білікті талап ететін, жалақысы жоғары жұмыс орындары молынан ашылады.

АХҚО биржасы толық қуатпен жұмыс істей бастағанда, капитал нарығын қалыптастыру мүмкіндігі туады, ал бұл Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі мен цифрлық технологиялар, электронды коммерция сияқты жаңа салаларын қаржыландыру мен дамыту механизмдерін іздеуге жағдай жасайды.

ҚР және бүкіл Орталық Азиядағы кәсіпорындар үшін өз жобаларын қормен қамтамасыз ету мүмкіндігі туады. Бұл шағын және орта бизнес үшін ерекше маңызды. Әсіресе, тек банк секторы жұмыс істеп, қор нарығы жоқ елдерде кәсіпкерлердің заемдар алуы қиынға соғады.

АХҚО жасыл технологияларды, Қытайдағы WeChat секілді қаржы транзакцияларын үргізуге мүмкіндік беретін қаржы технологияларын дамытуға да септігін тигізеді. Бұл Қазақстан халқының өмірін жақсартуға септігін тигізеді.

Қазақстанда, жалпы, Орталық Азияда инфрақұрылымның жаңа ұрпағын қалыптастыру біздің қызметіміздің басты бағыты болып табылады.

ЭКСПО нысандарының базасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірге Халықаралық жасыл технологиялар орталығы, Халықаралық IT-стартап-хаб дамытылады. Барлық инфрақұрылым, Қазақстан экономикасының жаңа ДНҚ-сы АХҚО төңірегіне шоғырланады.

АХҚО - экономикалық төңкеріс жасайтын қадам, бұл Қазақстан Президентінің экономиканың жаңа даңғыл жолындағы саяси ерік-жігерінің жемісі. Қазір ең басты мәселе инвестицияларды тарту болып отыр, оған жасалған жағдайлар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті әрі қолайлы болуы тиіс. Біз дәл осы жолда еңбек етіп келеміз.

- АХҚО қызметінің мақсаттық индикаторы қандай?

- 3-5 жылдың ішінде кем дегенде 2 мың жоғары білікті жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз. Алдағы 5-7 жылдың ішінде қаржы секторының рөлін арттырып, еліміздің ЖІӨ көрсеткішін 5-7%-ға дейін жеткізу қажет. 10 жылдың ішінде Азиядағы үздік 20 қаржы орталықтарына кіруді мақсат етіп отырмыз.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар