Қайрат Ералиев бокстан әлем чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қайрат Ералиев жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

56 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз америкалық Дюк Раганмен жұдырық түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді.

Естеріңізде болса, осы жылдың наурыз айында Германияның Галле қаласында өткен «Chemistry Cup» халықаралық бокс турнирінде Қайрат дәл осы америкалық боксшымен кездесіп, есе жіберген болатын. Бұл жолы Ералиев өзінің шеберлігін дәлелдеп, чемпион атанып отыр.

Алда 75 келіде Әбілхан Аманқұл украиналық Александр Хижнякпен, ал 91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев - әзербайжандық Магомедрасул Межидовпен әлем чемпионы атағы үшін айқасатын болады.

Айта кетейік, осыған дейін Гамбургтегі әлем чемпионатында Жомарт Ержан (49 келі), Василий Левит (81 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (69 келі) қола жүлдегер атанды.

«Алланың қалауымен чемпион атандық. Жанкүйер болған Қазақ еліне алғысым шексіз. Барша мұсылманды қасиетті Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақ-береке, бірлік берсін! Еліміздегі спорттың дамуына кеңінен қолдау білдіріп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, федерация (ҚР Бокс федерациясы) басшысы Тимур Құлыбаевқа алғысымды білдіремін», - деді жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін Қазспорт телеарнасына сұхбат берген әлем чемпионы.

Соңғы жаңалықтар