Қайрат Айтбай: «Уақыптың» жемісін уақыт көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Уақып» қоры деген не? Ол қор қалай қаражат жинайды? «Уақып» имамдардың тұрмысын қалай шешеді? Қор қайырымдылықты қалай жүзеге асырады және оның өзге ұйымдардан айырмашылығы қандай? «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбайға бара жатқанда санамызда осы қатарлы сан сұрақ бар еді. Расында да, мына заманда басы таудай, аяғы қылдай болатын жобалардың жол ортада шаң жұтып қалып жататынын ескерсек, жаңадан құрылған қорға үмітпен де, күдікпен де қарайтындар баршылық. ...Сауапты да жауапты істің басы-қасында жүрген «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбаймен жолығуымыздың да себебі көптің көкейіндегі сауалдарға жауап алу еді.

- Қайрат Орынбайұлы, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бір сөзінде қайырымдылық қаражаттарының қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсету қорды құрудың негізгі мақсаты саналатынын айтқан болатын. Осы ретте алғашқы сұрақ - қордағы ашықтықты қалай қамтамасыз етесіздер?

- Сұхбатымызды бастамас бұрын «Уақып» қоры қашан және қалай, қандай мақсатта құрылғанын айтып берейін. Осы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен дін саласына қатысты тұжырымдаманы бекіткен болатын. Сол тұжырымдамада Елбасы осыған дейінгі дін саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен 2017-2020 жылдардағы дін саласындағы дамуды қалай жүргізу керектігін көрсетіп берді. Тұжырымдамада көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында жасалған жұмыстардың бір бөлігі - «Уақып» қоры. Демек, белгіленген стратегиялық бағыттарды іске асыру үшін осындай қор құрылып отыр. Мемлекет пен қарапайым халықтың бір-бірімен түйісетін жері осы қор болар деген ойдамыз. Неге десеңіз, ашығын айтқанда, бұл коммерциялық немесе мемлекеттік емес ұйым. Екіншіден, мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Жұмыс істеу ретіміз еркіндеу. Мемлекеттік қызметтегідей шектеу жоқ.

«Уақып» қоры шілде айының 1-і күні тіркелді де, жұмысын бастап кетті. Қордың құрылтайшылары мен қамқоршылық кеңесі бар. Қамқоршылық кеңесін жасақтар алдында кімдерді енгіземіз деп, Елбасының тапсырмасына сәйкестендіру үшін құрамын көп толғана келе белгіледік. Қамқоршылық кеңесіне Қазақстанның діни бірлестігінің зекет қоры, Қазақстанның дін саласындағы конгресі, Дін министрлігінің жанындағы ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері кірді. Кез келген мекеме немесе қор жұмысын бастар алдында өздерінің жарғысын белгілеп алады. Біздің Қамқоршылық кеңесінің құрамында еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары, Сенат депутаттары, қаржы министрінің орынбасары бар. Екінші жағынан қаржыландыратын қор болғандықтан, мемлекеттік емес ұйымдардан да азаматтар жетерлік. Қордың Қамқоршылық кеңесінде мемлекеттік қызметтен де, мемлекеттік қызметтен тыс адамдар да бар. Не үшін былай істеліп жатыр? Бұл ең алдымен, бізге келіп жатқан қаражаттың ашықтығы үшін жасалуда.

Жұмыстағы ең басты мақсатымыз - ашықтық. Екіншіден, ақша кеткен жобалардың ашықтығы. Қазірден бастап жылына бір рет тәуелсіз аудитті шақырып, қор жұмысын тексертуді өзіміз сұрап отырмыз. Біз бір жағынан шыны керек, тексеретін мемлекеттік мекеме емеспіз. Ал қайырымдылық қорында ондай болмайды - түскен қаражатқа есеп береді. Ал біз өзіміз қазірден бастап Қамқоршылар кеңесінде өзім жылына бір рет тәуелсіз аудитті өткізу туралы ұсынысты айтып отырмын. Аудит сенімді туғызар қадам деп ойлаймын. Екіншіден, тексеру нәтижесін халыққа жариялайық. Соның нәтижесі бойынша, менің жұмысты жалғастыруым керек пе, немесе керегі жоқ па - белгілі болады.

- «Уақып» қоры қаражат қалай жинайды және оны қайырымдылыққа қалай жұмсайды?

- Біз қазіргі уақытта белгілі бір адамнан көмек сұрау туралы өтінім келіп түссе, бірден ақшаны бере салмаймыз. Мәселенің анық-қанығын зерттеп-зерделейміз. Өтінім берушінің өтінімі біздің жарғыға сәйкес келе ме, жоқ па - қараймыз. Оны басқармаға шығарып, қарап, зерделеп болғаннан кейін ол ұсынысты қамқоршылар кеңесіне шығарамыз. Егер шынында да, әлеуметтік жоба алдымызға қойған мақсатқа сәйкес келеді дейтін болсақ, біз оны қаржыландырамыз. Сәйкес келмесе қаржыландыра алмаймыз.

Енді бір қордың ерекшелігі - бізге жеке адамдар, заңды тұлғалар өтінім бере алады. Ең ерекшелігі - эндаумент тәсілі дейді. Біз заңды түрде кәсіпкерлікпен айналыса аламыз. Біздің оған құқығымыз бар. Ол қалай дейсіз ғой. Мысалы, бізге қайырымдылық жасайтын адам қаржы бөлген кезде кейбіреуі: «Мына мақсатқа салсам» деуі ықтимал. Көмек бергісі келетін адамдар мешіт немесе белгілі бір нысан салғысы, немесе сол бір нысанды салып жатқан адамдарға көместескісі келіп, коммуналдық төлемдерін төлеп тұрсақ деп сұрайды. Біз келісімшартта оның бәрін көрсетеміз де, сол бағытта әлбетте қаражатты жұмсаймыз. Кейбіреуі: «мешіт салынып бітіп, мен берген ақша артылып қалып жатса, өздеріңіз белгілеген жарғыларыңызбен айналдырып пайдаланыңыздар. Біз сіздерге сенеміз» деуі мүмкін. Үшінші бағыты - ерекшелігі. Ол бойынша кез келген ниет білдірген адам «қаражатты сіздерге тапсырдық, қалай жұмсау керектігін өздеріңіз шешіп аларсыздар» деп қолқа салуы ықтимал. Осы жерде эндаумент жолымен бөлінген қаражатты айналымға саламыз. Неге дейсіз ғой? Біздің мақсатымыз - сол кәсіпкерлікке айналымға салғаннан кейін түсетін пайданы толығымен қайырымдылыққа жұмсау. Ал бірақ, бөлінген қаржының мөлшері алғашқысынан төмендемеуі керек. Себебі, қайырымдылық бір рет жасалып тоқтап қалмауы керек қой. Жылдан жылға оның мөлшері көбеймесе, азаймауы тиіс. Ал қазір адамдарды жинап, жиналған қаражатты жұмсай салсаң, оған көп ақылдың керегі жоқ. Ал егер сол ақшаны жұмсаумен бірге, айналдыра отырып, кәсіпкерлікке салып, одан түскен пайданы толығымен қайырымдылыққа жұмсап отыратын болсаң, бұл жол әр уақытта айналып тұратын цикл болмақ.

- Демек, қордың қызметкерлері кәсіпкерлікпен айналыса ала ма? Мысалмен келтіріп берсеңіз...

- Өте қарапайым. Мәселен, егер үлкен жоба болса, үй немесе мектеп тұрғызылатын болса, сауда орталығы салынса, оған қаржы жұмсайтын болсақ, ол нысанды жалға береміз ғой. Заңды негізде құқығымыз бар. Кішігірім мысал келтіретін болсақ, дүкенді алып қарайық. Мәселен, шағын дүкенге қаржы салу керек делік. Біз жұмыс істемей тұрған шағын дүкенге инвестиция саламыз да, оны жұмыс істетеміз. Әлбетте, ол халал дүкен болады. Дүкенде осылайша, жұмыс атқарған адам өзінің айлығын алады, ал түскен пайда қорға кетеді. Дүкен секілді, бизнес орталықтар бойынша жұмыс атқарғымыз келеді. Бізді қызықтырып отырғаны да осы бизнес орталық. Бизнес орталықта белгілі бір шаршы метрлік аумақты алған кәсіпкер жалға алған орны, коммуналдық төлемі үшін ақша төлейді. Қалған пайданы біз 100 пайыз қайырымдылыққа жұмсаймыз. Бұны «эндаумент» жолы дейді. Оның негізгі мақсаты да сол. Қарапайым тілмен айтқанда, айналымға түсіп тұратын, бірақ өзінің мөлшерін төмендетпейтін іс-шара. Біздің қордың алға қойған мақсаттарының бірі - осы эндаумент жолы, жылдан жылға әркімнен ақша сұрап, қол созып отырмау.

- «Уақып» қорының өңірлердегі жұмысын кім жүргізеді?

- Қордың бүгінгі күні бүкіл өңірде өкілдіктері бар деп айтсақ болады. Олар - қарапайым адамдар, имамдар, әкімдіктегілер, олар сол жерде тіркелген заңды діни бірлестіктер. Олардың барлығын да біздің өкілдіктер деп айтсақ болады. Неге десеңіздер, олардың барлығы бізбен тікелей жұмыс істеуге мүдделі де, міндетті де, құзырлы да. Қазір көбі өздері бізге хабарласып, қашан келетінімізді сұрап жүр. Біздің ашылғанымызға 5-6 айдың көлемі болса да, Қазақстанның бүкіл өңіріне барып қайттық. Шыны керек, біздің қордың мақсаты - Алматы, Астана немесе Шымкент секілді шағын қалаларды қамту емес. Негізгі жұмыс істейтін контингенттеріміз - ол алыс аймақта жатқан мешіттердің имамдары. Ауылдарда, алыс елді мекендерде мешіт немесе әлеуметтік маңызы бар нысан жоқ, мешіт бар болса, жамағаты жоқ, жамағаты болса имамы, имамы болса, оның айлығы жоқ, айлығы болса, оның біліктілігі төмендеу болуы мүмкін. Себебі, ауылда болғаннан кейін кейбір имамдардың біліктілігі төмен болуы ықтимал. ...Қазақстандағы түрлі дәстүрлі емес ағымдар бар. Солардың өздерінің қаржы көздері бар. Бұны ескеру керек.

- «Уақып» қоры ашылғалы бері қандай жұмыс атқарды?

- Біз қазіргі уақытта құрылғанда шалғай жердегі 205 имамға қаржылай көмек көрсеттік. Оның ішіндегі имамдардың 14-і теріс жолға түскен немесе түрмеде отырған адамдармен жұмыс істейді. Ол жамағаттан бөлек, солармен де теологтық жұмыс атқарады.

- Демек, «қаржыландырдық» деген сөзді айлығын бердік деп түсінуіміз керек пе?

- Жоқ. Біз айлық бере алмаймыз. Себебі, олар біздің штаттағы адамдар емес қой. Біз оларға қаржылай көмек береміз. Олар өздерінің жұмыстарын істейді де, бізден алған қаржыға судың да сұрауы бар дегендей, есеп береді. Қаржыны біз не үшін бердік? Берген себебіміз - елді ауызбіршілікке шақырып, көпке қызметін атқарып, имандылық жолында әдет-ғұрыпты сапалы түрде дәріптеу. Біз сол үшін қаржы береміз. Демек, біз берген қаражат - материалдық көмек. Бірақ, сол ай бойынша берілген көмекпен қандай жұмыс атқарылды, имам қандай жетістікке жетті, жамағатқа не қызмет істей алды - сол бойынша олар бізге есеп беруі керек. Есепті бізден бұрын ол жамағатқа және діни бірлестікке береді.

Енді қараңыз. Имам қаражатты көбірек алғысы келсе, жұмысты көбірек атқаруы керек. Ал бұл үшін біліктілігін арттыруы тиіс. Біздің қор біліктілігін арттыру үшін осы «Нұр Мүбарак» университетінде және Қазақстандағы діни бірлестігінің жанындағы біліктілігін арттыру институтында 2-3 айлық курсты оқып келеді. Ол курс үшін де қаражатты біздің қор бөледі. Сонда имам бізден көмек алып тұрса, сол жұмыстың есебін сұрауға біз құзырлымыз ба, құзырлы емеспіз бе!?

null 

- Қор қызметкерлерінің арасында қандай мамандар бар?

- Біздің қызметкерлердің арасында «Болашақты» оқып келген жігіттер бар. Ағылшын, араб, түрік тілін білетін мамандар жетерлік. Қазіргі заманның жастары өте креативті, жұмыстың қыр-сырын білетін буын екенін білесіз. Бізге халықтың сенімі керек. Ал халық қашан сенеді? Нәтижені көрген кезде ғана! Өз өңірінде «Уақыптың» нәтижесін көрсе халық сенеді.

- Қор жұмысын бастағалы қаражат жиналып жатқан болар...

- Әлбетте. Мұрындық болған Елбасымыздың өзі. Көп кәсіпкерлер, банкілердеің акционерлері бар. Әрқайсысы 5-7, 10 миллион, 20-30 миллион теңгеден ақшасын беріп жатыр. Аттарын да айтып бере аламын. Мәселен, Ақтөбедегі Алмас Әбуов деген жігіт бізді танымайды да. Ол жақтағы елді мекендер бір-бірінен тым алшақта жатады ғой. Онда кейбір имамдар екі-үш мешітте жұмыс атқарады. Көлік керек болды. Алмас бізге 10 миллион теңгедей ақша немесе көлік берейін деді. Ақыры, жап-жаңа көлік алып берді де, Ақтөбенің мешітіне тапсырды. Енді имам әлгі көлікпен 2-3 мешітке оп-оңай жете алатын болды. Міне! Шымкенттегі бір жігіт отбасымен бірге айлығын біріктіріп, 650 мың теңгесін беріп отыр. Алматыға барып едік, бір өзбек жігіт 1 мың долларын ұсынды. Неге десек, «Уақыптың» сауапты іс екенін көріп жатырмын дейді. Қазір бізге Ислам дініндегі емес, басқа ұйымдардан да келіп, 250 мүгедектер арбасын берейін деп жатыр. Оны біз сәтін салса әлеуметтік жоба ретінде дініне немесе ұлтына ешкімді ешкімнен бөлмей, арбаларды таратып береміз. Оны әлбетте, жергілікті әкімдіктер мен министрліктер арқылы кімге қажет екенін біліп алғаннан кейін таратамыз.

- Демек, тек көмекті ақшалай ғана емес, заттай да қабылдап, таратуға әзірсіздер ғой?

- Иә. Біз кәсіпкерлерге «қайырымдылықты кез келген жолмен жасай аласыздар» деп айтып жатырмыз. Біреу өзінің өндірген тауарымен, бірге үй салып жатса, сол үйінің бір бөлмесін мұқтаждарды тұрғызып жатыр. Сонымен бірге, қазақтандық «Әл-сакр» компаниясы 1-5 пайыздық деңгейіндегі үлесін беріп жатыр. Көрдіңіз бе? Ойлап қараңыз, 10 жылдан бері істеп келе жатқан компания бізге 1 мың доллар берсе де, риза боламыз ғой. Ал ол өзінің компаниядағы акциясын берем деп отыр. Тіпті бұл тұрғыда меморандумға да отырдық. Акциясын беру оңай ма? Ақыры, акционер болып кеттік. Елбасының өзінің бастамасы болғаннан кейін көпшілік бұл қорға сеніп тұр. Негізгі нәтижені көрсеттік. Қанша қаржы түседі - барлығын да қайырымдылыққа жұмсап отырамыз.

- Мәселен, мен сонау Батыс Қазақстанның бір түкпіріндегі кәсіпкер болсам, «Уақып» қоры арқылы көмегімді бөліп, сол қаражатымның өзім ойлағандай мақсатта жұмсалғанына қалай көз жеткізе аламын?

- Сіз «Уақып» сайты арқылы көмек көрсете аласыз. Немесе сол жердегі жергілікті діни бірлестікке, әкімдікке, діни бөлімге бара аласыз. Олар сізге реквизиттерді береді. Көмек көрсетудің жолы көп. Интернет заманы болғаннан кейін бұл бағыттағы жұмысты барынша дамытып жатырмыз. Жуықта мобильдік қосымша жасадық. Оны ашқан кезде «Сіз қайырымдылық жасағыңыз келе ме?» деген сұрақ шығады. «Иә» десеңіз, сізден күніне бір сұрайын ба, әлде аптасына немесе айына бір рет сұрап тұрайын ба деген екінші сұрақты оқи аласыз. Содан кейін қандай көлемде салғыңыз келгені сұралады. Сайтта күнделікті қанша адам, қанша қаражат бергені туралы ақпарат спидометр секілді көрініп тұрады. Өте ашық. Айналып тұра береді. Біз қазір сайтымызды озық технологиялар арқылы дамытып жатырмыз. Уақыптан келгенімізді білген ондай компаниялар бізге бұл қызметті тегін көрсетіп жатыр. Біз «Уақып» қорының тұсаукесерін өткізген кезде Риксос қонақ үйімен сөйлестік. Олар бізге залын тегін берді. Риксос қымбат қонақ үй ғой. Қазір менің байқағаным - қайырымдылықпен айналысқысы келетін адамдардың саны көп. Бірақ, сапа сәл төмендеу. Себебі, жүйе жоқ. Адам жасаған қайырымдылығының нәтижесін көрсе, қанаттана түсетінін білуіміз керек.

- Түсіндірме жұмыстарын қалай жүргізіп жатырсыздар?

- Болғанынан боладысы көп әлі. Қазір барлық БАҚ бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Енді министр Нұрлан Ермекбаевтың ескертпесін дұрыс қабылдадым. Ол маған: «Сенің өкілің бүкіл дін саласындағы адамдар. Солардың көмегіне жүгінсеңші» деді. Қуандым да, бүкіл біліктілігін арттыруға келген имамдарға түсіндіріп бердім. Біліктілігін арттыру институтына барып, Қазақстанның барлық өңірінен келген 60 имамға түсіндірдік. Екі айдан кейін келген басқа имамдарға қайта түсіндіреміз.

- Қайырымдылық бағытында ақша жұмсалған бір екі мысалды айтып жіберсеңіз...

- Ақпараттың шын-өтірігін де тексереміз. Оп-оңай. Бір имам шетелге бару керек болды емделу үшін. Соған қаражат бөліп отырмыз. Екіншіден, «Уақып» саласы бойынша шетелге барып, тәжірибе алмасу үшін жас жігітті оқуға жолдап отырмыз. Ондай қорлар басқа елдерде бұрыннан бар. Қазақстанда Патша заманында уақып болған. Қазақ даласында балалар үйі немесе қарттар үйі болмағанын білесіз. Ел ішіндегі түйткілді мәселелерді ақсақалдар шешіп отырған. Еріккеннен болмаған. Бұл бұрынғылардың жолы. Әмеңгерлікпен қосылған үйге уақыптан ақша бөлінген. Даланың заңы сондай еді.

Уақып қорының қызметкерлерін шетелге жіберіп, 100 жылдық тарихы бар шетелдік қорлардың жұмысынан қазақ салтына сай дәстүрін ала аламыз деп жатырмыз. Ең үлкен әлеуметтік жобалардың бірі Астана, Ақтөбе қалаларында. Олар бізге әкімдіктен жер бөліп, инфрақұрылымын жасап береміз деп отыр. «Сіздер қаржы бөліп, мұқтаж адамдарға, екіншіден, имамдарға әлеуметтік тұрғын үй салыңыздар» деп қолқа салды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әкімдіктермен келісімге келіп жатырмыз. Егер ол пилотты түрде екі қалада іске асса, Қазақстанның басқа қалаларына осы жүйені енгіземіз. Алдымызда үлкен емес, орасан жұмыс тұр.

- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңыз жемісті болсын.

- Сізге де көп рахмет!   

Соңғы жаңалықтар