Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі басымдықтарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздердің қорытындысына орай өткен баспасөз мәслихатында еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі басымдықтары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі тілшісі Медет Ахметов.

«Біріккен Ұлттар Ұйымында біздің екі құжатымыз ресми тіркелді. Оның бірі Президент Назарбаевтың өткен жылдың көктемінде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария еткен «Әлем. 21 ғасыр» манифесі. Таяуда ғана Президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі мүшелеріне өзінің саяси жолдауымен жүгінді. Онда Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстан Республикасының басымдықтары айқындалған», - деп ата өтті  Әбдірахманов.

Осы ретте министр Қазақстанның БҰҰ ҚК мүшелігі кезіндегі ағымдағы күнтәртібіне тоқталды.

«Ең алдымен  бұл ядролық қарудан азат әлем құруға жақындату. Келесі басымдықтардың бірі  өңірлік және жаһандық деңгейдегі қарулы қақтығыстардың алдын алу және тоқтату. Бұл басымдықтарды жүзеге асыру үшін біз жұмыстың түрлі тәсілдерін қолданатын боламыз», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Әбдірахманов өз сөзінде Қауіпсіздік кеңесі мүшесін сайлау барысында Қазақстанның табысқа жету себебін де  атап өтті.

«Біз Африка құрлығы тарабынан кеңінен қолдау алдық. Қауіпсіздік кеңесі күн тәртібінің 70 пайызға жуығы Африкаға қатысты бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесін құрайтындығын ескерсек, Африкадағы бейбітшілік пен даму БҰҰ-дағы қазақстандық делегацияның тұрақты назарында болады», - деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу, адам құқығын қорғау, тұрақты дамуға қол жеткізу, климаттың өзгеруімен күрес мәселелерінде еліміздің серіктестерімен бірлесе жұмыс істейтіндігімізді баса айтты.

Соңғы жаңалықтар