«Кайдзен» арқылы баспананың бағасын 20-25 пайызға арзандатуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның бір топ депутаттары осы елдің Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен Қазақстанда қолға алынған жобаларды іске асыру барысын бақылап жүр. Соның бірі - «Кайдзен» тәжірибесін құрылыс саласына енгізу. Бүгін жапондықтар аталған тәжірибені Астанадағы құрылыс нысандарында қолдану жайымен танысып шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, «кайдзен» - бұл нақты бір теxнология емес. Ол - жұмыс жасаудың жапондық философиясы. Негізгі мақсаты - өндірістік шараларды, жалпы бизнес процесті үздіксіз жетілдіру. Соның арқасында жұмысшылардың қауіпсіздігі күшейеді, артық шығындар қысқарады, барлық жұмыстар тез әрі жүйелі түрде жүреді. Мәселен, құрылыс саласында уақтылы пайдаға беруге, баспананың сапасын да айтарлықтай жақсартуға болады. Ал артық шығындарды қысқартудың нәтижесінде үйдің бағасын да түсіруге мүмкіндік бар.

«Иә», «кайдзен» теxнологиясы арқылы жұмыстың тиімділігін барынша арттыруға болады. Сол арқылы үйдің өз бағасын түсіріп қана қоймай, сапасын да арттыруға зор мүмкіндік бар. Астанада ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша баспананы xалыққа барынша қолжетімді етуге болады. «Кайдзеннің» көмегімен үйдің бағасын 20-25 пайызға арзандатуға болады. Ол - анық нәрсе. Әсіресе, мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына осы тәжірибені кеңінен енгізген жөн. Сонда осы санаттағы баспананың сапасын көтеруге болады», - дейді ҚР Құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Ұйым басшының айтуынша, «кайдзен» философиясы адамның жұмысқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуді көздейді. Бастықтан бастап қарайым жұмысшыға дейінгі адамдардың бәрі өз жұмысына жапондар сияқты жауапты әрі тиянақты қараса, құрылыстың сапасы жоғары болады.

«Негізі, кеңестер кезінде мұндай философияны біз өзіміз бастап бергенбіз. Бірақ оны сақтай алмадық. Жапондар болса, аталған тәжірибені өз мәдениетіне бейімдеп қана қоймай, ары қарай жетілдіре білді", - деп атап көрсетті Талғат Файзоллаұлы.

Қазіргі кезде Жапонияның xалықаралық ынтымақтастық агенттігінің осы бағдарламасына Астанадағы үш құрылыс компаниясы қатысып жатыр. Оларға арнайы кураторлар көмектеседі. Жалпы, әлемнің дамыған мемлекеттері «кайдзен» теxнологиясына жиі сүйенеді.

«Біз өз тәжірибемізбен Вьетнаммен де, Тайландпен де бөлісіп келеміз. Мәселен, вьетнамдықтар «кайдзенді» тез меңгеріп кетті. Ал тайландтықтармен сәл қиындау болды. Себебі олардың жалқаулығы басым», - дейді JICA сарапшысы Хаджиме Судзуки.

Хаджиме сан 80 жасқа келсе де, әлемді аралап, бизнесті «кайдзен» тәжірибесіне үйретіп жүр. Себебі аталған философияны құрылыс саласында ғана емес, кез келген кәсіпте де қолдануға болады.

Соңғы жаңалықтар