Қатал қыстағы қамқорлық: Астаналықтар аязда бір-біріне көмек қолын созып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғындары қаланың мемлекеттік қызметшілерінің бір-біріне көмек беру бастамасына үн қосты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, Астанада арктикалық аяз түскелі бері қала әкімі Әсет Исекешев бастаған шаһар басшылығы ауа райының қатал кезеңінде әлеуметтік желі қолданушыларына бір-біріне көмек қолын созуға шақырған болатын.

«Мейірімді болайық. Жақсылық жасау түкке тұрмайды ғой. Егер сіз көлік тізгінінде отырып, аялдамада тұрған адамды көріп қалсаңыз, өтіп кетпей жеткізіп тастауды ұсыныңыз. Егер автокөлігін оталдыра алмай жүрген біреуді көрсеңіз, мән бермей кетпеңіз. Автокөліктегілер жаяу жүргіншілерді өткізіп жіберіңіздер», - деп жазды Facebook парақшасында «Сарыарқа» ауданының әкімі Арман Тұрлыбек.

Астана тұрғындары кәсіпкерлерге адамдардың жылынып алуы үшін шаруасын жүргізіп отырған ғимаратына кіргізуге, ыстық шай беруге, таксишілерге бағаны өсірмеуге шақырды.

«Егер егде тартқан көршілеріңіз болса, не керектігін сұраңыз. Коммерция иелері - жылынуға келген адамды қуып шықпаңыз. Үйсіз жануарлар мен құстарға жем беріңіз. Егер ата-аналарында көлік болмаса, балаларыңыздың сыныптастарын көлікпен жеткізіп тастауға тырысыңыз», - дейді астаналық түрік этномәдени орталығының төрағасы Аскер Пириев.

Ең қуанарлығы, қалалықтар мұндай үндеуге атсалысып жатыр. Алмагүл Әміргереева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына: «Жібек жолында тұрамын. Сол жағалауда сағат кешкі 19:00 уақытына дейін жұмыс істеймін. Үйге қайтарда жол-жөнекей, әсіресе, егде адамдарды, әйелдер мен балаларды алып кете аламын» деп жазды.

Мұндай сипаттағы флешмобты Дилара Байжұманова да қолдады.

«Әкімді қолдаймын. Сағат 7:40-та (аптаның соңына дейін) Еуразияның Шұбар жағына дейін апарып тастай аламын», - дейді ол Facebook желісіндегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобында.

Қалалықтардың бірі өзінің көмегін ұсынып жатса, екіншісі алғысын білдіріп жатыр. Мәселен, Қайрат Төреқұлов есімді адам бүгін сағат 09:00-де «Ақбұлақ-3» ауданында қара Лексус мінген бойжеткен тоқтап, сол жағалауға дейін барар болса, апарып тастайтынын айтқан.

«Бірақ менің өзім Абылайхан жаққа бара жатқанмын. Бірақ, әлгі кісінің адамдық қарым-қатынасына риза болдым. Біздің қалалықтар өте мейірімді. Егер осы жазбаны оқып отырған болсаңыздар, сізге көп рахметімді айтқым келеді. Қалалықтар осындай қиын ауа райы кезінде бір-бірлеріңізге көмектесіңіздер», - дейді ол аталған топта.

Бұл хабарламаның астына пікір қалдырған Slushash Ismaqambetova есімді қолданушы өзінің басынан өткенін жазады.

«Менің автокөлігім соншалықты қымбат емес. Бірақ, жол бойында бала ұстаған ананы көрсем, ақша сұрамастан жеткізіп тастаймын. Өз басымнан да бұл жағдай өткен. Қалаға дейін жете алмай, жол бойында бірде-бір көліктің тоқтамай қойғаны есімде. Далада жаңбыр құйып тұрған еді. Сол кезде мен өзіме «көлігім болса, міндетті түрде жол бойында қалған адамдарды алып кетемін» деп серт берген едім», - деп жазады ол.

Өз кезегінде Ботагөз Ағдарбекова тегін жүріп жүрген көлік жүргізушілеріне алғысын білдірді.

«Астанада мейірімді жандар баршылық. Мені тегін жеткізіп тастады. Алғысым зор», - дейді ол.

Бірақ, бүгінгі күні жақсылық жасап жатқандар тек қана автокөлік иелері ғана емес. Таңертең астаналық дәріханалардың бірінің сыртында ыстық шай ішуге болатынын жазылған хабарлама ілінген. Ол жайлы Talgat Aliev есімді қала тұрғыны жазды.

«Arys Farm дәріханасының әкімшілігі жақсылық жасау керектігін таныта білді. Жарайсыңдар!» - деп жазды ол.

Арман Тұрлыбектің айтуынша, әрбір адам жақсылық жасай алады.

«Сенімді болыңыздар! Сіз танытқан мейірімділік айналып келіп өзіңізді немесе жақындарыңызды табады. Қамқорлық таныта біліңіздер. Жақсылық ешқашан көп болмайды», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Астанаға түскен аяз қалалықтарды айтарлықтай әуреге салып тұр. Әсіресе, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында күн райы ерекше қатал күйге енген. Жуық арада еліміздің басқа облыстарына да шыңылтыр аяз жетеді деп күтіліп отыр. Орталық және шығыс аумақтарда түнде ауа райы 40-45 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. 

Соңғы жаңалықтар