Каспий теңізінде сарбаз кемеден құлап суға батып кеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінде, Баутино елді мекенінен небары 400 метр қашықтықта, мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген 22 жастағы сарбаз Бейбіт Башықов суға батып кетті. Марқұмның туған-туыстарының айтуынша сарбаз 10 күн бұрын «Семсер» атты кемеден құлап кеткен.

Лада.кз сайтының жазуынша, әскердің денесі содан бері табылмаған.

Бейбіт Башықов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2201Б әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген. 10 желтоқсан күні теңіз әскері кемеге кезекшілікке аттанып, 11 желтоқсан күні таңғы бестер шамасында оқыс оқиға болған.

«Оның үш айы ғана қалған еді. Сол күні таңертең мен оның ұялы телефонына бірлік салдым. Ал 11 желтоқсан күні кешке ол маған қоңырау шалып, «Мама, біз түнгі екіде теңізге кезекшілікке шығамыз. Таңертең 08:30-да мен саған қоңырау шалам» деген болатын. Оның орнына маған әскери комиссариаттан хабарласты», - дейді сарбаздың анасы Гүлнәр Башықова.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс оқиға ауа райының қолайсыздығынан болған. Шекара қызметінің хабарлауынша, сол күні желдің жылдамдығы секундына 15 метрге, ал толқынның биіктігі 1,5 метрге дейін жеткен.

Қаза тапқан сарбаздың ағасы Рүстемнің айтуынша, олар Бейбіттің сол күні неге құтқару күртесінсіз болғаны жөнінде нақты жауап ала алмаған. Сотқа дейінгі тергеу тек марқұмның денесі табылған соң басталады. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің хабарлауынша, әзірше тек іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар