Каспий суының қызылға боялу себебі анықталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Соңғы күндері Ақтау қаласының тұрғындары теңіз суының шамалы бөлігінің қызыл түске боялғанын байқаған. Бұған Каспийдегі су асты балдырлары себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Руслан Түкенов айтты.

Оның айтуынша, зерттеу-сараптама бөлімінің мамандары теңіз суы және балдыр сынамасын алып, қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қызыл балдырдың суға қызыл рең беріп тұрғаны оңай байқалады. Түсі өзгерген су көлемі қаланың 1-ші шағын ауданында орналасқан «Шағала» қонақүйінен Приморский тұрғын үй аумағына дейін 2 шақырымға созылады. Одан келер ешқандай қауіп жоқ. Кәдімгі табиғи құбылыс. Дауыл тұрған кезде қызыл балдыр жағаға жиналады»,-деді Руслан Түкенов.

Қызыл балдырлар теңіздерде су асты жартастарына, рифтерге, үлкенді-кішілі домалақ, қиыршық тастарға, құмға, ал майда түрлері ірі балдырларға жабысып өседі.

Негізінен 20 - 40 м, ал қолайлы жағдайларда 100 - 200 м тереңдікте өседі. Кейбір түрлері ғана тұщы суларда кездеседі. 2 класқа (бангия, флоридия), 600-ден асатын туысқа жататын 4 мыңнан астам түрлері бар.

Каспий теңізінде қызыл балдырдың 25 түрі  кездеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтауда теңіз қызыл түске боялғандығы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар