Каспий маңы елдері Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасына келісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 5 желтоқсанда Мәскеуде Әзербайжан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Эльмар Мамедъяров, Иран СІМ басшысы Джавад Зариф, Қазақстан СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов, Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров және Түрікменстан СІМ басшысы Рашид Мередов қатысқан Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің мәжілісі табысты аяқталды.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар бірқатар маңызды мәселелерді, соның ішінде Каспий теңізінің түбі мен жер қойнауын бөлу, аумақтық және iшкi суларда жүзу режімi, Каспий теңiзiнің түбiмен суасты құбырларды жүргізу, теңіздер мен әлем мұхитына еркін қол жеткізу және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Мәжілістің басты қорытындысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенциясы жобасы бойынша барлық негізгі мәселелердің келісілгені болып табылды.

Жуық арада сарапшылар 2018 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша Қазақстанда өтетін Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының саммиті барысында қол қою үшін Конвенцияның жобасын дайындау бойынша техникалық жұмыстарды жүргізеді.

Каспий теңізінің мәртебесін реттеу, сондай-ақ Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету, оның табиғи байлықтарын сақтап, арттыру және бірегей географиялық жағдайын пайдалану маңызды стратегиялық мәселе болып табылады. Атап айтқанда, Қазақстан басшысы ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес ҚР және оның көршілерінің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді қолданудың жаңа болашағы ашылады.

 «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына баса назар аударады. Мемлекет басшысы алдымызға қойған басымдықтардың бірі - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция бойынша келісімге қол жеткізу. Конвенция өзіндік «Каспий теңізінің конституциясы» болып, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына жаңа серпін береді және аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілгері болады деп сенемін», - деп атап өтті Қ. Әбдірахманов.

Конвенция бойынша жұмыс 20 жылдан астам жүргізілді. Құжаттың жобасында Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдыны мен ұлттық секторларды айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғау, шаруашылық-экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері белгіленеді.

Қазақстанда өтетін саммиттің барысында қол қою үшін 2010 жылғы Каспий теңізінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісіміне хаттамалар жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні сұғанақтыққа қарсы күрес, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризм, ұйымдасқан қылмыстық пен есірткі заттар айналымына қарсы күрес бойынша хаттамалардың жобалары әзірленген.

Каспий аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тараптар  теңізді қорғау туралы нобайлы конвенцияға хаттама, сонымен қатар Трансшекаралық мәнмәтіндегі қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалау бойынша хаттама жобаларын әзірлеуде.

Каспий жағалауы барлық мемлекеттердің күш-жігерлері Каспий аймағында бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылықты және тұрақты экономикалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық даму және ынтмақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар