«Каспий» футбол клубының бұрынғы директоры 5 жылға сотталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының №1 соты «Каспий» футбол клубының бұрынғы директоры Мэлс Кушановқа қатысты сот үкімін шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айыпталушы 3 млн 133 мың теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтесе де, сот оны 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Айыпталушыға ҚР ҚК 189 бап 3 және 1,2 тармақтарында қарастырылған «Қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған біреудің мүлкін иемдену немесе жұмсау» және ҚР ҚК 365 бап, 2 тарау, 2 тармағында қарастырылған «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау» бойынша айып тағылды.

Мэлс Кушанов мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Ол ойыншыларға жалған іссапар құжаттарын рәсімдеп, киім-кешектер мен спорттық жабдықтар алдырған. Тағы бір іс тендермен байланысты. Жабдықтарды жеткізу байқауын 7 млн 671 мың теңгеге (келісімшарттың жалпы сомасы) «Ақтау Батыс» компаниясы жеңіп алған. М.Кушанов келісімді бұзып, «Каспий» футбол клубының бұрынғы ойыншысы басқаратын «Трейд Компани» ЖШС-мен келісім жасасқан.

«Кушанов өз кінәсін толықтай мойнына алды, келтірілген шығынды өтеді, істі тыңдауды қысқартылған тәртіппен өткізуді өтінді және оған өмір бойы мемлекеттік қызметті атқаруғы тыйым салынып, қылмыстық жолмен алынған мүліктерін тәркілей отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - деді Ақтау қалалық №1 сотының іске төрағалық етуші төрешісі Мәлік Кенжалиев.

Соңғы жаңалықтар