Қасқырды тірідей сатпақ болған шығысқазақстандыққа айыппұл салынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменнің іргесіндегі Ушан ауылының тұрғыны қасқырдың құртқасын (ұрғашы - авт.) тірідей сатпақ болған. Табиғат қорғау инспекциясы хабарландыру иесіне айыппұл салып, ісін сотқа тапсырды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хабарландыру сауда сайттары мен Инстаграм желісі арқылы тараған.

«Құртқа 10 айлық. Катонқарағайдан әкелінген. Қолға әбден үйренген. Қарғыбаусыз жүре береді, қашпайды. Өзім Астанаға көшетін болғандықтан сатуға мәжбүрмін» - делінген хабарландыруда.  Табиғат қорғау инспекциясының мамандары хабарландыру иесімен сатып алушы ретінде байланысқа шығып, қасқырды көруге уағдаласады. Ушан ауылына барғанда ресми орган өкілдері жыртқыштың расында шынжырға байланғанын көрген. Қасқыр сатушы өзінің бұл әрекеті заңсыз екенін білмегенін айтып ақталыпты.

«Біздің мамандар барған кезде қасқыр асыраушы хабарландыруды достары әзілдеп салғанын айтты. Жабайы аңды асырау үшін ресми орыннан рұқсат алу керектігін білмесе керек. Оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Әрі қарай істі сот қарайды. Оның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Сот кем дегенде қасқырды иесінен тәркілеу туралы шешім шығаруы тиіс. Оған дейін жыртқыш «иесінің» үйінде болады. Тәркіленген соң оны не зообаққа өткіземіз, не табиғатқа еркіндікке жібереміз» - дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Арман Есентаев.

Оның айтуынша, қандай да бір аңды асырау үшін арнайы құжаттар жинап, рұқсат алу керек. Одан кейін де аңның иесі оны дұрыс жағдайда асырап отырғанын дәлелдейтін есептер өткізіп тұрады.

«Ал сатқысы келсе, өзі сияқты арнайы рұқсаты бар тұлғалар мен мекемелер ғана сатып ала алады. Бұл азаматта аталған құжаттардың ешқайсы болмаған. Мемлекетке өз еркімен өткізгенде бұлай болмас еді. Ғаламторға хабарландыру орналастыруы заңбұзушылық болып саналатындықтан, әкімшілік шара қолдануға тура келді» - дейді Арман Есенетаев.

Соңғы жаңалықтар