Кәсіпкерлеріміз мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды жақсы түсінеді - Сұлтан Мақашев

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінің шаруалары соңғы жылдары рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, мол өнім алып келеді. Сонымен бірге мал шаруашылығының дамуы да бір ізге түскен. Қорқыт бабаның жатқан жері Қармақшы ауданы да ауыл шаруашылығы саласында үстіміздегі жылы үздіктер қатарында болды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Қармақшының жетістіктері мен алға қойылған міндеттер туралы аудан әкімі Сұлтан Мақашевқа бірнеше сауал жолдаған болатын.

- Сұлтан Ысқақұлы, өңір тіршілігі негізінен аграрлық салаға негізделгендіктен егін егу мен мал өсіру алдыңғы қатарда тұрады. Бұл салаларға мемлекет тарапынан да жыл сайын мол қаржы бөлініп келеді. Қос саланы қатар ұстаған аудан кәсіпкерлерінің биылғы жетістігіне тоқталып өтсеңіз...

- Өзіңіз білесіз, Елбасы өзінің Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 54-қадамында «кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайтып, оның  құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді», деп нақты көрсетіп берді. Біз кәсіпкерлерімізді қолдағанда осы қағиданы негізге  аламыз. Ауданда сауда, құрылыс пен қызмет көрсету салалары да жолға қойылып келеді. Дегенмен, мал және егін шаруашылығы салаларындағы кәсіпкерлердің қарқыны жоғары. Мысалы бір ғана егін шаруашылығын алайық, Биылғы жылы аудан бойынша 23702 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылса, 14209 гектар жерге ауыл шаруашылығы саласының негізгі өнімі - күріш дақылы отырғызылды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2017 гектарға, ал күріш көлемі 184 гектарға, мал азығы дақылдары көлемі 612 гектарға, жаңа жоңышқа 557 гектарға, бақша 8 гектарға, көкөніс 46 гектарға және мақсары дақылы 638 гектарға көбейді. Осы қыруар тірліктің бәрі кәсіпкерлер қолымен жасалып жатыр.

Диқандарымыздың ала жаздай еңбегі ақталып, күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 84543 тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Мұнан өзге жаздық бидайдан 2424 центнер, мақсарыдан 1960 тонна, картоптан 9512 тонна, бақша дақылдарынан 11220 тонна өнім жиналса, 60000 тонна мал азығы шөп дайындалды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6 млрд 837 млн. теңгені құрады. Тоғыз ай ішінде ауылшаруашылығына салынған инвестиция көлемі    81,7 млн теңгені құрады. Ал биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп 690,3 млн теңге көлемінде субсидия берілді. Осының бәрі мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге беріліп жатқан үлкен көмек, зор мүмкіндік деп санаймын.

- Биылғы мол өнімге қол жетізген жетістіктеріңіз құтты болсын. Бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар негізінде мал шаруашылығына да зор көңіл бөлініп отыр. Ата кәсіптің жайы қалай?

- Басты мақсатымыз да - мал басын көбейту. Қазақ үшін мал жүрген жер береке ғой. Оның үстіне «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық»  бағдарламалары аясындағы жұмыстарға мемлекет  тарапынан  қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, бір ғана «Сыбаға» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 5 шаруа қожалығы 42,1 млн теңге несие алды. Бұл шаруа қожалықтарында 15 адам жұмыспен қамтылды. Мұндай мысалдарды тізбелей беруге болады.

Ауданда кәсібін жаңа ашқан кәсіпкерлер несие алып жұмыс атқаруды түсініп алған десек болады. Өйткені осы бағдарламалар арқылы мемлекетіміз оларға зор мүмкіндік беріп отыр. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары әр ауылдарда мал басын асылдандыруды жолға қойып алған.

Сөзімізге дәлел болуы үшін тоқталар болсам, бүгінгі күні «Сыбаға» бағдарламасы аясында 233 бас аналық сиыр, 10 бас бұқа сатып алынып, жоспар 88,9 пайызға орындалды. Ал, «Құлан» бағдарламасымен «Қорқыт елі» несие серіктестігі арқылы Жосалы кентінен «Мырзабаев» ЖК 2,9 млн теңге несиеге 10 бас аналық, 1 бас асыл тұқымды айғыр және «Жорта» ШҚ 5 млн теңге несиеге 7 бас асыл тұқымды айғыр, 9 бас бие, Жосалы кентінен «Алмат» ШҚ 6,7 млн. теңге несиеге 2 бас асыл тұқымды айғыр, 24 бас бие   сатып алды  немесе жоспар 69,4 пайызға орындалды.

Иіркөл ауылдық округіндегі «Бертай» ШҚ өз қаражаты есебінен 15 бас асыл тұқымды қошқар сатып алып, «Алтын асық» бағдарламасына қатысуға «Қорқыт елі» несие серіктестігі арқылы несие алуға жұмыс жасауда.

Қазіргі уақытта, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «50 ел» бағдарламасы шеңберінде ет және сүт бағытындағы МІҚ малын көбейтуге 5 кооперативтің 164 мүшесіне 435,1 млн теңге несие берілді. Сөзімнің дәлелі үшін айтып өтер болсам, жыл басынан бері 2529,8 тонна ет, 4388 тонна сүт, 503,4 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілді.

- Сөз басында Елбасының 100 нақты қадам еңбегін атап өттіңіз. Сондағы 61-қадамда: ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту міндеті қойылды. Сонымен бірге шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау талабы да бар...

- Дұрыс айтасыз, біздің негізгі мақсат та кезең-кезеңімен дами отырып, сол мақсатқа жету. Жоғарыда өндірілген мал етінің көлемін атап өттім. Біздің бір үлкен  жетістігіміз аудан бойынша, «Зәкірлі» деп танылған, «Ақтөбе и К» ЖШС-нің «Өнімділігі жылына 1500 тонна құс фабрикасы» 2016 жылы Өңірлер кәсіпкерлігін дамыту картасына енген жобаны қолға алып отыр. Аталған жоба «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ-ның қатысуымен іске асырылуда. Қазіргі уақытта, құс фабрикасының құрылысы басталып кетті.  Кәсіпорынға қажетті сыртқы инфрақұрылымын жүргізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Жобаның құрылысы барысында 200 адам, іске қосылған кезде 80 адам жұмыспен қамтылады. 

Соңғы жаңалықтар